07 Тамыз 2019
72

Оралда бағаны негізсіз өсірген үш супермаркетке тергеу жүргізілді

Табиғи монополияларды реттеу, бəсекелестікті жəне тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Ислямовтың айтуынша, бəсекелестікті қорғау бойынша 7 заң бұзушылыққа қатысты тергеу өндіріске енгізілген. Бұл жөнінде БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жариялады.

– Қант бағасын негізсіз өсіруге байланысты үш супермаркетке қатысты тергеу жүргізілді. Тергеу материалдары Орал қалалық əкімшілік сотында қарастырылуда. Бəсекелестікке кедергі келтіретін себептерді талдау барысында монополияға қарсы заңнамаға сүйеніп, құқықбұзушылықтарды анықтаймыз. Əлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер, азық-түлік пен жанар-жағармай бағасын үнемі қадағалап отырамыз, – деді Нұрбол Ислямов.

 

Оның мəліметінше, биыл аталған департамент Орал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мемлекеттік сатып алуларға қатысты конкурсын тоқтатқан. Себебі қалалық бөлім жолдарды күтіп ұстау мен көгалдандыру жұмыстарына мемлекеттік сатып алуды бөлек-бөлек өткізбей, бір ғана конкурс талабына сыйдырып, бəсекелестік аясын шектеген. Мемлекеттік сатып алулар қайтадан өткізілетін болды. Бұдан бөлек, «ҚПО б.в.» мен «Демтек Солюшис» ЖШС, «Жайықмұнай» мен «Болашақ-Атыру», «ICMRecycling» ЖШС мен «Орал Таза Сервис» серіктестіктері арасында бəсекеге қарсы келісімдер жүргізілуіне байланысты тергеу жүргізілуде.