08 Тамыз 2019
130

Дауылда үзілген электр желілеріне əлі жөндеу жүргізілуде

Бүгінгі мəлімет бойынша, аудандардағы жағдай қалыпты. Тек Ақжайық ауданының үш жəне Бəйтерек ауданының екі елді мекені əлі күнге электр жарығынсыз отыр. Дауылдан соң облыс орталығында барлығы 4 мың абонент жарықсыз қалса, қазіргі уақытта шаһардың бірнеше ауданында жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Бүгін облыс əкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен селекторлық жиында өңірде орын алған табиғи төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары талқыланды.

 

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашевтан 5-6 тамыздағы жойқын дауылдың салдарын жою жұмыстарын баяндады.

 

-Қазіргі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылып, тəулік бойы қызмет көрсететін қауырт желі іске қосылды. Оған қоса «112» жəне «109» бірыңғай кезекшідиспетчерлік қызметтеріне келіп түскен хабарламалар бойынша да шаралар қабылданды. Жойқын дауылдан 5 адам түрлі дəрежедегі жарақат алғаны белгілі. 2011 жылы туған қыз бала ауруханада, қалғандары амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді.

 

Облыстағы 20 ғимараттың төбе жабындысын қатты жел ұшырып əкетті. (Орал қаласында – 4, Бəйтерек ауданында – 4, Қазталов ауданында – 5, Жəнібек ауданында – 4, Тасқала ауданында – 3). Бүгінгі күні комиссия құрылып, келтірілген шығын нақтылануда. Теректер мен алып бұтақтардың құлауы бойынша 60 оқиға тіркеліп, салдарынан он автокөлік зақымданған. Қазір төтеншеліктер мен коммуналдық кəсіпорындардың күшімен көшелер мен аулаларды құлаған теректерден тазалау жұмыстары жүргізілуде,-деді Жасұлан Жұмашев.

 

Табиғаттың тосын мінезінен Орал қаласы мен аудан-ауылдардың халқы бірнеше күн сусыз жəне жарықсыз қалғаны белгілі. Облыс басшысы селекторлық режімде байланысқа шыққан барлық аудан басшысынан əр аудандағы қазіргі жағдайды сұрады.

 

Суретке түсірген Эльвира Меңдіғали