09 Тамыз 2019
159

Облыс аумағындағы жол-көлік оқиғалары талқыланды

Облыстық әкімдікте жол-көлік оқиғаларының себеп-салдарын талқылаған жиын өтті. Жүргізілген талдау нәтижелеріне сүйенсек, республикалық және халықаралық маңызы бар жолдардағы ЖКО 35%-ға төмендеген. Дегенмен, жергілікті маңызы бар жолдардағы апаттар саны 37%-ға артып отыр. Сонымен қатар, зардап шегушілер саны да 83%-ға көбейген. Өңірдегі елді мекендерде де жол апаттары мен олардың салдарынан жарақат алған адамдар саны артқан.
 
Полицияның мәлімдеуінше, 2019 жылдың ағымдағы кезеңінде облыс көлемінде 164 жол-көлік оқиғасы орын алған. Олардың ішінде жылдамдықты шамадан тыс арттыру 49 оқиғаға себеп болса, 20 апат қолайсыз ауа райы салдарынан болған, жаяу жүргіншілердің қатысуымен 59 факті тіркелсе, мас күйінде көлік айдау 16 апатқа ұрындырған. Жыл басынан бері жол апаты салдарынан 49 адам қаза тауып, 228-і түрлі деңгейдегі жарақат алды. 
 
 
  Орал қаласы бойынша жол-көлік оқиғалары көп болатын көшелер қатарында Жәңгір хан көшесін, Әбілқайыр хан даңғылы мен Шолохов көшесін, Н. Назарбаев даңғылын және Брусиловский көшесін атауға болады. Сондай-ақ бұл тізімге Төле би, Мөңкеұлы, Құрманғалиев көшелері мен «Меловые горки» ауданын да жатқызуға болады. Аталған көшелердің әрқайсысында зардап шегушілер түрлі деңгейдегі, соның ішінде салдары өлімге ұрындырарлықтай жарақаттар алған. 
 
 
Облыс аудандары бойынша ең қауіпті жол ретінде Самара – Шымкент халықаралық маңызы бар автожолы танылды, мұнда 269 және 311-шақырым аралығында ЖКО жиі тіркелген. Сонымен қатар, әсіресе, 70-120-шақырымында жол апаты жиі орын алатын Орал – Атырау республикалық маңызы бар жолы да қауіпті саналады. Жалпы есеппен алғанда, аталған учаскелерде 11 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 10 адам қаза тапты.
 
 
Облыстық полиция қызметі қауіптілігі жоғары жолдар бойынша апаттылық деңгейін төмендетудің жолдарын ұсынды. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өкілдері тарапынан да маңызды ұсыныстар түсті. Ұсынылған шешімдер, негізінен, қосымша автотұрақтар салу, бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларын, жылдамдықты өлшеуіштер орнатуға, сондай-ақ облыс аудандарының көлік жүретін жолдары бойына шығып кетуі салдарынан жол-көлік оқиғаларына себепкер болатын үй жануарлары иелерімен профилактикалық жұмыстар жүргізуге қатысты болды. 
 
 
Талқылау нәтижесінде облыс әкімі аталған учаскелерде апаттылық қаупін төмендету бойынша жоспар дайындауды тапсырып, дайын жоспар міндетті түрде қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен қарастырылатындығын айтты.
 
 
Облыс әкімі келіп түскен ұсыныстардың басым көпшілігін жүзеге асыру аса қиындық тудырмайтындығын атап өтті. Дегенмен Орал – Атырау тасжолының жол төсемін кеңейту секілді шешімдер республикалық деңгейде көп шығынды талап етеді.
 
 
Өңір басшысы БҚО бойынша ІІД-ға, облыс әкімінің аппаратына қоғамдық бірлестіктерді қатыстыра отырып, аталған учаскелерде және жалпы облыс аумағында апаттылық деңгейін төмендету бойынша нақты әрекеттер келтірілген жоспар жасақтауды тапсырды.