15 Тамыз 2019
147

Оралда журналистика ардагері Амантай Боранқұловты еске алу кеші өтті

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада журналистика ардагері, Алашорда тарихына қатысты бірнеше кітаптың авторы Амантай Боранқұловты еске алу кеші өтті.

 


Шарада қаламгер шығармашылығына арналып кітап көрмесі ұйымдастырылып, журналист өмірбаянын арқау еткен шағын фильм көрсетілді. Дөңгелек үстелде бас қосқан қаламдас аға-інілері, әріптестері, тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылар, тума-туысқандары мен ұрпағы естеліктермін бөлісті. Басқосуда Орал қаласындағы «Полиграфсервис» баспаханасында жарық көрген «Азаттық жолындағы азапты өмір» атты кітабы таныстырылды. Жаңа жинақ Амантай Боранқұловтың зайыбы Күләш Тапалова мен қыздарының арқасында жарыққа шығып отыр.

 

 

 

Тарихи-танымдық кітап қазақтың алғашқы жоғары білімді заңгері, Алашорда үкіметін құрушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Жаһанша Досмұхамедовке арналған. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне жинақтың шығуына ғылыми кеңесші рөлін атқарған, белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай мен Алматыдан келген профессор, экономика ғылымдарының докторы Меңдеш Исқалиев және туған қызы Жанат Боранқұлова, Лондонда Сәулет атты қызымен шаңырақ көтерген күйеу баласы Дэвид Арнольд қатысып, қалыптасқан дәстүрге сай лента қиды.
– Дүниеден өткен адамның артында жоқтаушылар болса, сол мәңгі өмір сүреді. Марқұмның басына қойылған белгі уақыт өте мүжіліп тозуы мүмкін.

IMG_2894-800x542Ал ескірмейтін, мәңгі жасайтын белгі – кітап. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып, әке даңқын асқақтатып отырады. Алашорда тарихына қатысты,  Сырым баба тарихына байланысты Амантаймен жолымыз бірге түйіскен. Себебі Қаратөбе мен Сырым – бұрыннан бір, шекаралас, қоңсы жатқан егіз аудан. Амантайдың қаламы өте жүйрік еді. Журналистика жолы жауапкершілігі зор іс қой. Осы салада жүріп-ақ қайраткерлік танытып, Алашорда тарихына қатысты ғылыми ортада пікірін айтудан, еңбек жазудан талмады. Еңбекқор қасиетін – елге деген сүйіспеншілік, азаматтық өнегесі деп білемін, – деді Жайсаң Ақбай.

Одан кейін «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин сөз алды.
– Амантай Боранқұлов аудандық және облыстық басылымдарда жауапты қызмет атқарды. «Орал өңірі» газеті редакциясында 5-6 жыл еңбек етті. Ағамыз өзіне қатаң талап қоятын. Өзі көтерген мәселелерді тиянақты етіп жазатын. Және әріптестерінен де ісін жауапкершілікпен атқаруды талап ететін. Менің ойымша, 1996-2001 жылдары Сырым аудандық архивінде қызмет еткен кезінде Күнбатыс Алашорда тарихына назар аудара бастады. Тарих ақтаңдағын зерттеу – Амантай Әбузарұлының азаматтық бастамасы. «Орнында бар оңалар» дегендей, әке аманатына, әке өсиетіне адалдық танытқан Амантай Боранқұловтың перзенттеріне ризамыз,  – деді шарада «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.
Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Меңдеш Исқалиевтің сөзінше, ардақты азаматпен ғалым ретінде әріптестік және бажа ретінде туыстық қатынасы берік болған.

 

 

Ол Батыс өңірінде репрессия құрбаны болған тарихи тұлғалар туралы терең зерттеу әлі де қажет екенін айтты. Ал Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова Алашорда тарихын бетбұрыс жасауға Амантай Әбузарұлы жетекшілік жасағанын әңгімеледі.

Нұртай Текебаев,

суретке түсірген Эльвира Меңдіғали