16 Тамыз 2019
133

Оралдық байкерлер мотокөрме өткізуге ұсыныс тастады

Түрлі салада еңбек етіп, Орал қаласының өркендеуіне үлес қосып жүрген белсенді жастармен Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов кездесіп, жыл сайын қыркүйектің алғашқы жексенбісінде дәстүрлі түрде тойланатын Қала күнін ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар мен тілектер ортаға салынды.

 

Ұлы Жеңіс күніне орай қаламыздағы Еуразия даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің біріне қазақтың батыр қыздары – Әлия, Мәншүк, Хиуаздың бейнесін салған суретші-дизайнер Дарья Запрометова болашақта қаламыздың көрнекті жерлеріне түрлі арт-нысандар орнату ісін дамытуды, интернет-контент арқылы жастар арасындағы көкейкесті мәселелерге қозғау салатын қысқа метражды бейнематериалдар түсірумен танылып жүрген «Dvizh» қозғалысының өкілдері Мейрамбек Өтепов пен Дәурен Жасталапов өңірімізде киноиндустрия саласын өркендетуді мақсат етуде. Ал кинематограф, «Үркер» өнер және мәдениетті қолдау орталығының директоры Әлішер Ғұмаров талантты жастарды таныту, өнерлерін насихаттау мақсатында биыл «Жайық ZhaStar Fest», «Жайық DanceFest» атты байқаулар ұйымдастырған. Бүгінде өзінен бұрын өзгенің қамын ойлап, ел игілігі үшін ақысыз-пұлсыз үлес қосатын ерекше жандар туралы, облысымыздың аумағындағы әдемі табиғи орындар, көркімен көз тартатын нысандар туралы тизер, қысқа метражды бейнероликтер түсірумен мықтап айналысып жүр.

 

 

сурет ғаламтордан

«Motoclub» «Whels Brothers» МС URALSK» қоғамдық бірлестігінің өкілі Николай Романов байкерлердің ұйымдастыруымен биыл «Менің елім» атты мотожорық өткендігін айтып өтті. Жорық барысында клуб мүшелері мотоциклмен Қазақстанды түгелдей аралап шыққан. Ішкі туризмді дамыту бағытындағы белсенді жұмыстары үшін Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың алғыс хатын иеленген клуб мүшелері Қала күніне орай түрлі маркалы мотоциклдер топтасқан көрме ұйымдастыру туралы ұсыныс тастады.

Шара соңында БҚО жастар саясаты мәселелері бойынша басқарма басшысы Аян Сакошев кездесуге келіп, ортаға ой тастағаны үшін қатысушыларға ризашылығын білдіріп, қазіргі таңда жергілікті билік өкілдеріне жеке бас мәселесін айтып келетін жастардан гөрі қоғамды, қаланы дамыту бағытындағы идеяларымен келетін жастар қатары артып келе жатқандығы қуантатынын, ортақ мақсат-мүдде жолында жастар тарапынан белсенділік және бірлік қажеттігін айтты.

Аяужан Кереева,

сурет ғаламтордан

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер