16 Тамыз 2019
76

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы 130 балаға оқу құралын табыс етті

Бүгін «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы Оралдағы Гагарин атындағы балалар кинотеатрында «Мектепке жол» акциясын өткізді. Жыл сайын дәстүрге айналған бұл шара «Бақытты отбасы» партиялық жоба шеңберінде ұйымдастырылды. Аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы 130 балаға мектепке қажетті құралдар табыс етілді.

 

- Партияның көптеген игі жобаларының бірі «Бақытты отбасы» жобасы болып есептеледі. Аталмыш жоба аясында  республика бойынша, соның ішінде біздің өңірімізде де көптеген игі істер атқарылып келеді. Білім күні қарсаңында бастау алған «Мектепке жол» акциясына  партияның белсенді мүшелері, соның ішіне облыстық мәслихат депутаттары,партияның аудандардағы филиалдары белсенді қатысуда. Бүгінде өңір бойынша 700-ге жуық отбасыға қолдау көрсетілуде. Айта кету керек, партияның бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстардың басты бағыты  білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеу, соларға жәрдемдесу және жағдай жасау болып табылады. Бұл акция әлі де жалғасын табатын болады, - деген партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев балаларға базарлықтарын табыстап, оларға жарқын болашақ тіледі.Мұрат Рахметұлының сөзінше, аз қамтылған, көп балалы отбасылармен қатар, балаларына көмек сұраған ата-аналарға да қолдау көрсетілуде.

Шараға сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Аветик Амирханян да атсалысып, балаларға өзінің сыйсияпатын тарту етті. Ал «Балаларға базарлық Орал» балалар мерекесін ұйымдастыру орталығынан келген «ертегілердің кейіпкерлері» балаларды билетіп, ойындар ойнатып, көңілді кеш ұйымдастырды. Кеш соңында кинотеатр ұжымы балалардың назарына қазақстандық «Қажымұқан» мультфильмін ұсынды.