20 Тамыз 2019
110

Төтенше жағдайларды алдын алу және жою комиссиясының отырысы өтті

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өтті.

Отырыс барысында 2019 жылғы 5 тамызда облыс аумағында қатты желдің салдарынан болған төтенше жағдайды жою мәселесі қаралды. Сондай-ақ күн тәртібінде алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары, теміржолда орын алуы мүмкін апат кезінде тартылатын күштер мен құралдардың қамтамасыз етілуі, БҚО бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау, «2017-2020 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасын орындау және ағымдағы жылдың екінші тоқсаны хаттамасын орындау мәселелері қаралды.

 

Комиссия отырысы барысында ТЖД басшылығы аудандардағы жағдай туралы шұғыл қызметтерді дер кезінде ақпараттандыру және «112» қызметі мен «109» бірыңғай Call-орталығындағы өңдеу жеделдігі туралы мәселелерді қозғады. Сонымен қатар коммуналдық қызметтердің арнайы техникасын жаңалау қажеттілігі айқындалды. Оған қоса ағаштар мен жасыл желектердің құлау жағдайларын болдырмау үшін тиісті жұмыстар талап етіледі. 

 

Облыс әкімі барлық арнайы техниканы, соның ішінде коммуналдық қызметке қатысы жоқ ұйымдардың техникасын есепке алуды тапсырды.

 

- Табиғи катаклизм кезінде қолда бар барлық ресурсты тарту керек. Облыс тұрғындары мен ұйымдары төтенше жағдайлар салдарын ең қысқа мерзімде жоюға мүдделі. Мұндай жұмыста біз оларға қолдау көрсетуді басты негізге алуымыз керек, – деді облыс әкімі.

 

Сонымен қатар өңір басшысы көрші облыстармен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін атап өтті.

 

Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі барлық қызметті қазіргі талаптарға толық сай ету қажеттігін ескертті.