21 Тамыз 2019
157

Төрт ойыншы үздіктер қатарында

Сәуірде басталған футбол орталықтары мен академиялар және жастар командалары арасындағы ел чемпионаты мәреге жетті. 2001-2007 жыл аралығында туған жас футболшылар арасындағы бәсеке бес кезеңге созылды.

 

Биылғы чемпионат «Ақжайық» футбол клубының футбол орталығы үшін табысты өтті. Өткен жылғы нәтижені едәуір жақсартқан жас футболшылар бапкерлер мен жанкүйер қауымның көңілінен шығатын ойын көрсете алды. 2003 жылғы футболшылар он бірінші, 2002 жылғы футболшылар сегізінші орынға тұрақтаса, білікті бапкер Алексей Тугушевтан тәлім алатын 2001 жылғы аяқдопшылар жүлделі үшінші орынға табан тіреді. «Ақжайық 2001» командасының ойыншысы Артур Сюсюкин чемпионаттың «Үздік қақпашысы» атанды. Сондай-ақ кіші жас футболшылары да намысты қолдан бермеді. Бұл топта ең төмен нәтижені 2004 жылғы ойыншылар көрсетті. Олар 15 орын иеленсе, 2006 жылғылар жеті ал жүлдеге соңына дейін таласқан «Ақжайық 2005» жарыстың соңғы күні ұпай жоғалтып, алтыншы орынға тұрақтады. Дегенмен 22 гол соққан «Ақжайық 2005» шабуылшысы Данил Пастухов чемпионаттың «Үздік сұрмергені» аталымын қанжығалады.

 

Бұл топтағы үздік көрсеткішті Руслан Жангиров баптайтын «Ақжайық 2007» командасы көрсетті. Чемпионаттың соңғы кезеңін өз алаңында өткізген олар алдымен «Алтайды» кейін бір де бір матчта жеңіліп көрмеген «Қайрат» жастарын тізе бүктіріп, екінші орынға тұрақтады. Айта кететін тағы бір жайт, биыл мықты қарқын алған «Қайрат» академиясының ойыншыларын негізгі уақытта жеңе алған жалғыз команда «Ақжайық 2007».

«Ақжайық 2007» командасының қос бірдей ойыншысы чемпионаттың үздіктері қатарына енді. Олар «Үздік жартылай қорғаушы» атанған Әлібек Тобанияз бен «Үздік шабуылшы» аталымында жеңіске жеткен Төрехан Мұрат. Біраз жылдан бері жүлдеге іліге алмай жүрген футбол орталығының екі бірдей командасы жүлдегер қатарында. Биылғы чемпионат қорытындысы бойынша «Ақжайық» футбол орталығы еліміздегі барлық академялар мен футбол орталықтары және жастар командаларының ішінде жетінші орында.

 

-Былтыр ең үздік көрсеткішіміз 8 орын болған. Биыл екі команда жүлдеге ілікті. Төрт ойыншы үздіктер қатарында. Бұл балалар футболының дұрыс жолға қойылғандығының көрсеткіші. Облыс, клуб басшылығы да балалар футболының дамуына үлкен көңіл бөледі. Биылғы көрсеткішіміз бірлескен, жүйелі жұмыстың нәтижесі,-дейді футбол орталығының жетекшісі Виктор Каблов.

 

Енді жас футболшылар ел кубогі жолындағы жарысқа дайындалады.