23 Тамыз 2019
134

Облыс әкімі Ақұштап Бақтыгерейқызын мерейтойымен құттықтады

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Құрмет» орденінің иегері Ақұштап Бақтыгереевамен кездесіп, 75 жас мерейтойымен құттықтады.

Өз сөзінде облыс әкімі «Өзіңіздей асыл да аяулы анамыздың өнегелі өміріндегі бұл мәртебелі мезет – Жайық жұртшылығы үшін ортақ қуаныш. Сіздің ел үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін атқарып келе жатқан еңбегіңіз, қазақ поэзиясындағы орныңыз айрықша. Сіз табиғат сыйлаған ерекше дарыныңыздың арқасында бүкіл еліңізге танылған, поэзияның биігіне шыққан талантты ақынсыз. Сіздің қарымды қаламыңыздан туған қуатты әрі шынайы шығармалар ұрпақтан ұрпаққа жететін құнды мұра екені сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта да халқымызды, әулетіңізді мәнді де нәрлі жырларыңызбен қуантып, ортамызда аман-есен жүріңіз. Халқымыздың қадірмендісі, ұлтымыздың мақтанышы болып, жалынды жырларыңыз елмен бірге жасай берсін» деді.

 

Өз кезегінде Ақұштап Бақтыгерейқызы облыс әкіміне алғысын айтып, «Менің жолым Жайық жастарына өнеге болсын» - деп, өңір жастарына тілегін білдірді.

 

Кездесу барысында өңірдегі мәдениет, әдебиет пен өнер саласының дамуы мәселелері талқыланып, алдағы уақытта атқарылатын жоспарлар туралы пікір алмасылды.