24 Тамыз 2019
214

Өткен сенбіде облыс әкімі Бөрлі ауданына жұмыс сапарымен барды

Аудандық әкімдікте өткен жиналыс барысында бірқатар мәселе, соның ішінде Ақсай қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және кәдеге жаратуда туындаған проблемалар да талқыланды.

 

 

 

Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша қалыптасқан жағдай жөнінде аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Ихсанов баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған қалалық полигон 99%-ға толып тұр және бұл Экологиялық кодекс талабына сай емес. Аудан әкімдігі бұрынғы полигоннан бірнеше шақырым қашықтықта жатқан 40 га аумаққа жаңа полигон салу үшін ТЭН жасақтаған. Полигонның жалпы құны 2 млрд. теңге шамасын құрайды.

 

Тұрмыстық қатты қалдықтардың ағымдағы мәселесін шешу үшін бюджеттік қаражатқа 2 қалдық тасығыш сатып алынып, 50 алаңқайға 200 контейнер орнатылып үлгерді, ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін тағы 300 контейнер қойылады деп жоспарланып отыр.

 

Облыс әкімі Ғали Есқалиев полигон құрылысының жобасын жасақтау және қатты тұрмыстық қалдықтарды МЖС қағидаты бойынша басқаруда әкімдіктің жұмысы қанағаттанарлық деңгейде емес екенін атап өтті.

 

Өңір басшысының сөзінше, мұндай мәселелерді жүйелі шешу үшін 5 жылдан кем емес мерзімді құрайтын, контейнерлерді, қалдық тасығыштарды, полигонды басқару құқығын беретін ұзақ мерзімдік келісімшарттар жасалуы қажет. Сондай-ақ тарифтік саясат та қала тұрғындарына қолайлы болуы тиіс.

 

Аудан басшылығына 1 қазанға дейін қалдық шығаруды ретке келтіру тапсырылды.

 

Өңір басшысы "Nur Otan" партиясы облыстық филиалының төрағасы ретінде партияның аудандық филиалына тұрғындар мен қалдық шығарумен айналысатын компаниялар арасына байланыс орнатуға тапсырма берді.

 

Айта кетерлігі, қалдық шығару қызметінің ақысын халықтың 25%-ы ғана төлеп отыр екен. Сонымен қатар Ақсай қаласына тіркеуге тұрмаған және қалдық шығару үшін ақы төлемейтіндер көп. Оған қоса базарлар мен дүкендер тұрғын үйлердің контейнерлеріне қалдық лақтырады. Мұндай жағдайда компанияларға қалдықты уақтылы шығаруды қамтамасыз ету өте қиын.

Жиналыс барысында Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев басқа қызметке ауысуына байланысты қызметтен босату туралы өтініш бергені мәлім болды.

 

Әкімнің WhatApp нөміріне №10 шағынаудан тұрғындарынан келіп түскен шағымдарға орай Ғали Есқалиев шағынаудан аулаларындағы жағдаймен танысты. Сол күні кешкісін осы учаске жиылған қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.