24 Тамыз 2019
260

Бөрлі ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ғали Есқалиев сонымен қатар бірқатар мұнайгаз компанияларының өндірістік базаларында болды

«Ақсайгазсервис» АҚ-ның жұмысы туралы оның басшысы Тілек Шектебаев әңгімелеп берді. 

 

 

Өңірдегі ең ірі толықтай қазақстандық сервистік компания мұнай және газды өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау нысандарын жарақтандыру және сервистік қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетеді. 2 мыңнан адамнан асатын кәсіпорын ұжымы Қарашығанақ және Чинарев кен орындарында, сондай-ақ Қашаған мен Тенгизде қызметін жүзеге асыруда.

 

Облыс әкімі компания қызметкерлерін алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, үздік қызметкерлерді марапаттау шарасына қатысты. Содан соң компанияның өндірістік қуаттылығымен толықтай танысу мақсатында кәсіпорын аумағын аралады.

 

Өңір басшысы сондай-ақ «Ақсай индустриалды паркі» ЖШС-ға барды. 2013 жылдан бастап жұмысын бастаған инвестициялық жоба мұнайгаз ұңғымаларын бақылауға арналған электрлі және аспапты жабдықтар өндірісімен, дәнекерлеу жабдықтары мен дәнекерлеу әдістемелерін құрастыру және жобалаумен, ең заманауи және мамандандырылған дәнекерлеу технологиясын таратумен айналысады.

 

Облыс әкімі биылғы көктемде ашылған мұнайгаз саласына мамандар даярлау және қайта даярлаумен айналысатын кәсіби оқыту орталығының қызметіне айрықша назар аударды. Өңір басшысы жергілікті кадрларды оқыту бағытында аталмыш орталықтың келешегі зор екендігін атап өтті.

 

Облыс әкімі сонымен қатар ҚПО б.в. өндірістік базасын және «Сичим С.п.А Казахстан» құрылыс-монтаждау компаниясы филиалының базасын аралады. «Сичим» компаниясы мұнай және газды магистральді құбыр желілерінің құрылысымен айналысады. Аралау барысында өңір басшысы қызметкерлердің жұмыс жағдайымен танысып, компанияның асханасында және қызметкерлердің демалыс бөлмелерінде болды.

 

Компанияның атқарушы директоры Алтын Құлбаеваның айтуынша, «Сичим С.п.А Казахстан» мекемесінде бүгінгі таңда 3 мыңнан астам қызметкер болса, оның 85%-ы – БҚО тұрғыны.