23 Тамыз 2019
61

Батысқазақстандық спортшы ең қауіпті Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті

Әйгілі триатлоншы, 41 жастағы оралдық Әнел Сытдықова Ла-Манш бұғазын еш тоқтамастан гидрокостюмсіз жүзіп өткен. Спортшы бұғаздың 33 шақырымын 15 сағат 15 минутта еңсерді.

 

Бірнеше мәрте «Қазақстанның темір ханшайымы» атағына ие болған триатлоншы мақсатына сәтті жеткен соң Францияда Қазақстанның туын көтерген. Әкесі Әлібек Сыдықовтың айтуынша, қызы триатлонмен сегіз жылдан бері шұғылданып келеді. Айта кетейік, Анель Сытдықова 2016 жылы Ла-Манш арнасын бағындырмақ болған. Таңғы үштен бастап 33,5 шақырымды 15-16 градус температурада жүзуге тура келді. Тек көзілдірік, бас киім, шомылу костюмін кию ғана рұқсат етілген. Алайда ауа-райының қолайсыздығына байланысты толқын күшейіп, тоқтауға мәжбүр болған. Былтыр қайта бағын сынап көрген Анель өкінішке орай, тағы да ауа-райының қолайсыздығынан финишке жетпеді. «Қазақстанның темір ханшайымын» өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтап: -Жерлесіміз Әнел Сытдықова әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті! Өткен түні Әнел 38 шақырым қашықтықты 15 сағат 15 минут уақытта гидрокостюм кимей жүзіп өтті. «Қазақстанның темір ханшайымы» атағын бірнеше мәрте иемденген біздің триатлоншымыз Әнел Сытдықованы, бапкерлерін, жақындарын таңдай қағуға тұрарлық нағыз жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Спортшыларымыз жеткен жетістік – біз үшін де зор мәртебе! - деп жазды.