23 Тамыз 2019
136

Оралда ұстаздардың тамыз кеңесі өтуде

Бүгін Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында білім беру жүйесі қызметкерлерінің тамыз педагогикалық конференциясының пленарлық отырысы өтті.

 

 

Конференция аясында «Негізгі стратегиялық бағдар тұрғысында білім беру жүйесін дамыту: жетістіктер мен перспективалар» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Биыл «Bilim jáne ǵylym» деп аталған тамыз кеңесін БҚО білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова ашты.

 

-Жаңа оқу жылы қарсаңында өткен жылға талдау жасап, алға қойған міндеттерді айқындау мақсатында тамыз кеңесін өткізу дәстүрге айналды. Биыл респубикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы білім саласын дамыту мәселелерін қозғап, алдағы уақытта шешетін міндеттерді қойды. Білім беру жүйсенің мақсаттары мен міндеттері еліміздің стратегиялық бағдарламаларын дамытумен сәйкес келуі керек. Білім саласын дамытудың негізгі векторлары Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясында, .жыл сайынғы жолдауда, мемлекеттік бағдарламаларда белгіленген. Бүгінгі конференция білім саласына қатысты тың пікірлер мен толғамдар айтылатынына сенімдімін, -деді Айымгүл Мақсотқызы.

 

Өңір ұстаздарын облыс әкімі Ғали Есқалиев те құттықтап, жаңа оқу-жылына сәттілік тіледі. - Оқу жылын бастауға бағыт-бағдар беретін дәстүрлі тамыз конференциясының маңызы ерекше. Республикалық тамыз конференциясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы бойынша келер жылдары шешетін міндеттерді анықтап берді. Бұл міндеттерді өңірде орындау үшін жүйлеі жұмыс жүргізіледі. Біріншіден, облыстың білім беру саласының бюджеті қазір 72,2 млрд. теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,8 млрд. теңгеге артық және облыстық бюджеттің 37%. Бюджет өсімінің 60%-ы педагогтардың еңбекақысының көтерілуіне жұмсалса, 40%-ы білім беру ұйымдарының материалдықтехникалық базасын жаңартуға және жаңа жобаларға бағытталған. Облыста жаңартылған білім беру бағдарламасымен сабақ беретін 11 мыңнан астам педагогтың еңбекақысына 30% үстеме ақы, аттестациядан өткен 7 мың педагогтың жалақысына қосымша ақы төленеді. Екіншіден, 2018-2019 жылдары 8 білім обьектісі пайдалануға берілді. 2019 жылы республикалық бюджет есебінен Ақжайық ауданындағы 100 орындық интернатымен 300 орынға арналған Абай мектеп гимназиясының және Орал қаласында 900 орындық №51 мектебінің құрылысы басталды. Қазталов ауданы орталығындағы 600 орындық Алма Оразбаева атындағы мектептің құрылысы да басталады.Сонымен қатар Орал қаласында 900 орындық №52 және 300 орындық №33 мектептің құрылысына жобалау-сметалық құжаты әзірленді.

 

Өңірдегі 5 мектептің құрылысына жобалау-сметалық құжат жасақталуда. Алайда облыс орталығында халықтың қоныс аударуы себебінен үш ауысымды мектептер саны азаймай отыр. Аудан мен қала әкімдері күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерді дер кезінде анықтап, құжаттарын әзірлеп, 5 жылдық даму жоспарға кезең-кезеңмен енгізуі қажет.

 

Екіншіден, жаңа мектептің жобасын жоспарлауда елді мекеннің миграциялық және демографиялық жағдайын ескеруі керек. Үшіншіден, үш ауысымды мектептер проблемасын шешуде тек мемлекет қаржысы есебінен емес, жеке инвестицияны тартуға жұмыстанған дұрыс. Әсіресе, бұл мүмкіндік облыс орталығында жоғары, - деді облыс әкімі. Бас қосудың пленарлық отырысынан кейін бір топ ұстаз «Ы. Алтынсарин» және «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» төсбелгiсiмен, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағына сіңірген еңбегі үшін» белгiсiмен, ҚР білім және ғылым министрлігінің және БҚО әкімінің Құрмет грамтосы, алғыс хатымен марапатталды