28 Тамыз 2019
45

Ғали Есқалиев Эстонияның елшісі Хейти Мяемеэспен кездесті

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Эстон Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хейти Мяемеэспен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық, облыстың даму болашағы, инвестиция тарту мәселелерін талқылады.

 

 

Ғали Есқалиев Батыс Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктері және шетелдік салымдар үшін жасалатын шарттар туралы айтып берді. Хейти Мяемеэс облыс әкіміне қонақжайлығы үшін алғысын білдіріп, Эстон инвесторларының облыста іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға қатысуға дайын екендігін білдірді. Сондай-ақ, Елші өңір кәсіпорындарымен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен қызығушылық танытты. Шетелдік қонақтарды, атап айтқанда, тракторларға арналған тіркемелердің жаппай өндірісі қызықтырды.

 

– Біз ауыл шаруашылығы мен құрылыс жүктерінің әртүрлі түрлерін тасымалдау кезінде қолданылатын тракторларға арналған тіркемелер құрастыруды бастағымыз келеді. Қазіргі уақытта біз құрастыруды бастау үшін нақты серіктес іздеудеміз. Негізінен біз осы жұмыс үшін дайындалған базасы бар компанияларға назар аударғымыз келеді, – деді шетелдік серіктестер.

 

Эстониялық бизнесмендер біздің өңірде ет өңдеуге кірісуге ниет білдіріп, Еуропаға мұздатылған өнімді жеткізу жөніндегі жоспарлармен таныстырды.

 

Облыс әкімі өңірде эстон тарапының мүдделеріне сай келетін кәсіпорындардың жеткілікті екенін атап өтті.

 

- Өңіріміздің кәсіпкерлерінен жақсы ұсыныстар баршылық. Бізде тіркемені жинау үшін базаны қамтамасыз ете алатын кәсіпорындар аз емес, – деді облыс әкімі.

 

Сонымен қатар, аймақ басшысы облыстағы ұсақ мал саны 1,2 млн., ал ірі қара мал саны 700 мың басты құрайтынын айтты.

 

- Өңірде ірі бордақылау алаңдары белсенді салынуда. Біз бүкіл ел бойынша ірі қара мал басы бойынша 2 орындамыз. Бұдан басқа, бізде ет комбинаты бар, ол қазіргі таңда инвесторды іздеуде, – деді өңір басшысы.

 

Эстон кәсіпкерлері Қазақстан мен Еуропа арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға ниетті. Олар өңірдің жоғары әлеуетіне, облыстың географиялық және көліктік-логистикалық тиімді орналасуына басымдық беріп отырғандарын жеткізді. Эстон тарапы қолайлы инвестициялық жағдайларды пайдалана отырып, өңірде еуропалық елдерге тауарлар жеткізу және алдырту бойынша тарату орталығын құруды ұсынды. Облыс әкімі инвесторлардың барлық үш ұсынысын қолдау білдіріп, аталған жобаларда ынтымақтастық болашағын егжей-тегжейлі талқылауға дайын екендігін мәлімдеді.