28 Тамыз 2019
131

Оралда ауқымды жылыжайлар салынуда

Қазір БҚО-да жалпы ауданы 70,0 мың шаршы метрлік 100 жылыжай бар екен. Бұл жайлы бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХҮІІІ сессиясында Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев баяндады.

 

Облыс тұрғындарын маусымаралық кезеңдерде жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жылыжай кешендері салынуда. Бүгінде Орал қаласының Зашаған кентінде «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС 7 млрд. теңгеге голланд технологиясына сай жалпы ауданы 5,5 гектарды құрайтын жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде. Жылдың соңына қарай кешен іске қосылса 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 2,5 мың тонна өнім алынады деп жоспарланған. 2017 жылы Орал қаласында «Орал жылыжай» ЖШС жалпы ауданы 1,2 гектар жылыжай кешенін іске қосқан болатын. 2021 жылы Бәйтерек ауданынан «World Green Company» ЖШС жалпы ауданы 12 гектар болатын жылыжай кешенін іске қосуды жоспарлауда. Жылыжай жылына 5 мың тонна өнім өндірмек. Үкімет жылыжай салуға кеткен шығынның 25 пайызын субсидияламақ. БҚО-да жалпы сыйымдылығы 34 мың тонналық 53 көкөніс қоймасы бар. Олардың саны 2011 жылы 27 болған еді.