31 Тамыз 2019
316

Жайық өзенінде қалқымалы көпір ашылды

Бүгін Ақжайық ауданы Чапаев ауылындағы  Жайық өзенінде қалқымалы көпір ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ғали Есқалиев, аудан ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

 

ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев «мемлекеттің басты байлығы – азаматтар. Олардың тілектерін ескеріп, толғандырған мәселелерін шешу – негізгі қағидатымыз» деп атап өткен болатын.

 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аудан орталығындағы көпірдің құрылысына облыстық бюджеттен 175 млн. теңге қаржы бөлінді.

 

– Дана халқымыз «адамгершілікке арналған үш сауап бар бар» дейді. Олар шөлге құдық қазған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап. Өздеріңізге белгілі, Ақжайық ауданы Жайық өзенінің екі жағын тең бойлай 52 елді-мекен тұрады. Жайықтың сол жағында ауданның 10 мыңға жуық тұрғыны бар 19 елді-мекен орналасқан. Бұл елді-мекендердің тұрғындарын аудан орталығына келу үшін біраз әбігерге салғаны анық. Чапаев ауылына жету үшін Орал қаласы арқылы немесе көршілес Атырау облысының Индер ауданы орталығының тұсындағы көпірден өтіп келуге мәжбүр болды. Мәселен, Көнеккеткен, Құрайлысай, Сайқұдық тұрғындары аудан орталығына жету үшін осы күнге дейін 250 км жол жүрсе, енді олар небәрі 25-50 км жол жүретін болады. Демек, жол қатынасы 5-10 есеге қысқарып, ауыл азаматтарымыздың уақыты үнемделеді. Ең бастысы, Жайықтың екі жағында тұратын ағайындарымыз бір-бірін жиі көруге мүмкіндік алды, -деді облыс әкімі.

 

Ғали Есқалиевтің айтуынша, бұл көпірдің өзін отандық өнім деп есептеуге болады. Себебі көпірдің 80%-і қазақстандық материалдан жасалған.

 

Сонымен қатар, өңір басшысы тоғыз жолдың торабында орналасқан Чапаев ауылы тұсынан салынған бұл қалқымалы көпір ауданның дамуына, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын артуына оң ықпал ететінін атап өтті. Оған қоса, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жаңа серпін бермек. Себебі бұл көпірмен тек Ақжайық ауданы тұрғындары ғана емес, сондай-ақ көршілес аудан тұрғындары да қатынайтын болады.

 

Шара барысында өңір басшысы бұл көпірді құрастырған Орал кеме жасау және кеме жөндеу компаниясына, құрылысқа атсалысқан азаматтарға алғысын білдіре отырып, «жаңа көпір ел игілігіне, облыс қажеттілігіне жарасын» деп тілегін білдірді.

 

Мердігер компания директоры Владимир Самсонов ұзындығы 126 м, ені 6 м құрайтын көпір 3 бөліктен тұратынын және оның бірі – ажыратылмалы екенін хабарлады. Көпірдің жүк сыйымдылығы 60 тонна. Құрылыс жұмыстары 6 ай ішінде аяқталды.

    

– Ендігі аудан орталығына жету үшін жолымыз 5-10 есеге қысқарды. Біз үшін, аудан тұрғындары және көршілес аудандарының азаматары үшін өте қуанышты сәт. Себебі алтын уақытымызды жолға емес, Жайықтың ар жағында тұратын тума-туыс, жақындарымызбен өткізуге жұмсайтын боламыз, -деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жігербай Қажғалиев.