01 Қыркүйек 2019
163

Жаңа оқу жылында Назарбаев Зияткерлік мектебіне 144 оқушы қабылданды

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу жылының басталуына орай салтанатты жиын өтті.

Шараға мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Айта кету керек, физика-математикалық бағыттағы оқу ордасына жаңадан 144 оқушы қабылданды. Салтанатты жиында мектеп директоры Шолпан Қадырова сөз алып, жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. – Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дәстүрлі тамыз кеңесінде «Жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті екендігін баса айтты. Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұжымы да еліміздің ертеңі, жас ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеу жолында ізденіспен еңбек етіп келе жатыр. Еліміздің білім беру саласында өзімізге жүктелген жауапкершілікті сезініп, біз бұл оқу жылында да тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға қызмет еттік. Білім мен тәрбие үдерісінде оқушылардың бойына адамгершілік, көшбасшылық және патриоттық сезімдерді қалыптастырдық, – деді Шолпан Маратқызы

Шолпан Маратқызының айтуынша, өткен жыл зияткерлер үшін табысты болған. Биыл оралдық жеті зияткер халықаралық, 60-тан астам оқушы республикалық олимпиада, ғылыми жобалар байқауы мен түрлі сайыстарда топ жарды. Павлодарда өткен робототехникадан Ұлттық чемпионатта жалпыкомандалық есепте ең көп жүлделі орын алған мектептің құрама командасы олимпиада жеңімпазы атанды. Сонымен қатар күні кеше алты оқушы дүниежүзілік робототехника олимпиадасына жолдама алған. 2018-2019 оқу жылының мектеп түлектері алыс-жақын шетелдік университеттердің грантын иеленген. 28 зияткер отандық ЖОО грантына қол жеткізсе, 19-ы Назарбаев университетін таңдапты. Ал 21 жас шетел асып, білім-ғылым игеруге аттанған. Бұл жылдың алғашқы қоңырауын мектепке түсу кезінде ең жоғары ұпай жинаған 7-сынып оқушысы Әділ Сейдазымов соқты. Салтанатты жиын құрметті қонақтар және 7-сынып оқушыларының ағаш отырғызу рәсімімен аяқталды

 

Шарада «Жарқырай түс, жастық шақ!» биі, «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» композициялық қойылымы ұсынылды.