04 Қыркүйек 2019
27

Биыл «Орал трансформатор зауыты» 9 мың дана трансформатор шығармақ

Бүгін ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин «Орал трансформатор зауыты» ЖШС базасына барды.

 

Серіктестік басшысы Ақжол Сауранбаевтың айтуынша, Орал трансформатор зауытының экспорттық үлесі өндірілген өнімнің 95%-ын құрайды. Биыл 9 мың дана трансформатор шығару жоспарлануда. Яғни, зауыттағы өндіріс көлемі 35 пайызға артып отыр. Былтыр 1 жұмысшыға шаққанда, еңбек өнімділігі 30 миллион теңге немесе 79 000 АҚШ долларын құрады. Зауытта 191 адам еңбек етеді.

 

Биыл кәсіпорын басшылығы «ҚПО б.в» компаниясымен 10 кВ күрделі қосалқы трансформаторлық станцияларды жеткізу мақсатында 200 миллион теңгеге ұзақ мерзімді келісімшарт жасады. Серіктестік алдағы 2 жылда «Панельді радиаторлар өндірісі» жобасы аясында жаңа өнім түрлерін шығармақ. Панельді радиаторлар, оқшаулағыш қағаздар және трансформатор құрылысына қажетті елімізде шығарылмайтын басқа да материалдардың 70 пайызын экспортқа шығару көзделген. Өндіру қуаты жылына 3000 тонна радиатор шығаруға жетеді деп есептелінген. Тауарды Ресей және Белорус зауыттары тұтынбақ.

 

Кәсіпорын ұжымның әлеуметтік мәселелеріне бейжай қарамайды. Жас қызметкерлерге 500 мың теңгеге дейінгі бір жолғы  көтерме ақы, жұмысшы отбасында бала дүниеге келсе, әр нәрестеге 250 мың бір реттік жәрдемақы төленеді. Серіктестік ұжымдағы 40 көп балалы отбасыны баспанамен қамтып отыр. Дуалды оқыту аясында кәсіби-техникалық мамандықтарға оқытатын колледждермен байланыс орнатып, зауытта білікті мамандар дайындау жолға қойылған.

 

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин «Кама центр» ЖШС көлік-логистикалық орталығымен танысты. Серікестік қарауында 23 адам қызмет етеді. Былтырғы сәуір айында ашылған кәсіпорын автокөлік дөңгелектері мен резеңке бұйымдары қалдықтарын өңдеумен айналысады. Еліміздің әр өңіріндегі 1000 кәсіпорыннан дөңгелектің барлық түрін қабылдайды. Премьер-министр өндіріс жолында қанат жайған кәсіпорындарға үкімет тарапынан қолдау болатынын айтты.