04 Қыркүйек 2019
151

«Ақжайық» этноауылы есігін айқара ашты

Қала күні мерекесіне орайластырған шаралар легінде Тұңғыш Президент атындағы орталық алаңда «Ақжайық» этноауылының ашылу салтанаты өтті.

 

Қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтаған Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов: «Орал – әрқайсымыздың өмірімізде айтарлықтай орны бар айрықша қала. Біріміз бұл қалада дүниеге келіп, енді біріміз тұлға ретінде қалыптассақ, тағы біреулер осы қаладан тағдырын жолықтырған болуы мүмкін. Сол себепті де жүрегімізден жылы орнын иеленген қаламыздың төл мерекесіне орай ұйымдастырылатын шараларға жұмыла атсалысып, белсенді қатысуға шақырамын.

 

Дәстүрлі түрде тойланатын Қала күні мерекесіне орай «Ақжайық» этноауылын ел-жұрт назарына ұсыну Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеясымен астасып жатыр. Қазақ халқының барлық қасиетті салт-дәстүрі мен ұлттық ойындарын, қолөнер туындылары мен тарихи бағалы жәдігерлерін топтастырған ауылға келген әр азамат рухани байлыққа кенеліп, ауылды аралаған әр баланың туған еліне деген құрметі, Отанына деген сүйіспеншілігі артады деп сенеміз», - деп атап өтті.

 

«Ақжайық» этноауылы ұлттық мәдени кешенінің жұмысы 4-15 қыркүйек аралығын қамтиды. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары мен қонақтары «Өрнекті өнер» алаңынан ұлттық қолданбалы өнер бұйымдарының жәрмеңкесі мен сәндік-қолданбалы өнер шеберханасын, «Алтын сақа» алаңынан ұлттық ойындарды, ұлттық асхана орталығынан қазақтың дастарқанын, «Жәдігер» жылжымалы мұражайэкспозициясының алаңынан қазақтың қару-жарақтары мен киім үлгілерін, киіз үйі туралы интерактивтітанымдық бағдарламаны, «Өнерлі өлке» алаңынан ұлттық мәдениетімізді дәріптейтін концерттік бағдарлама, көшпелі кітапхана жұмысы мен Ақ Жайық өңірінде туған ақындарға арналған жыр сағаттарын тамашалай алады

   

Этноауыл жұмысын бастаған алғашқы күні алаңға жиналған жұртшылыққа Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымы, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен Бөрлі ауданы көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы тарту етілді. Көпшілікке Бөрлі және Бөкей ордасы аудандарының мәдени ошақтарының жұмысы таныстырылды. Аталған екі ауданнан келген кітапхана, музей және мәдениет орталықтары келушілерге өз жұмыстарын таныстырды.

 

  – Мән-маңызы жоғары мәдени шараға үлес қосу ісінен шалғайда жатқан Бөкей ордасының мәдениет саласының мамандары да тыс қалмады. Биылдан бастап облыс әкімдігінің шешімімен біздің музей облыстық «Хан ордасы» тарихи-мәдени архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы деп аталады. Әуелден тарихы терең, өлке шежіресінде алар орны ерекше музейдің 60 шақты жәдігерін бүгінгі көрмеге алып келдік. Олардың қатарында аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштердің макеті, Жәңгір бабамыз бен Фатима ханымның Ресей императорларының қабылдауына киген киімдері, Жәңгір ханның ел игілігі үшін жасаған істерінен сыр шертер деректер, Ордадағы хандардың мөрлері бар. Жер шалғайлығы мен арақашықтықтың тым алыстығына байланысты екінің бірінде Бөкей ордасы ауданына келіп, өлке тарихымен танысу мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан да жергілікті тұрғындарға этноауыл аясында Ордаға алыс сапар шекпей-ақ, жәдігерлерді өз көзіңізбен көру мүмкіндігінен қапы қалмаңыздар дегім келеді, – дейді облыстық «Хан ордасы» музей-қорығының директоры Ғайса Махимов.