06 Қыркүйек 2019
100

Ветеринариялық қауіпсіздік – басты мәселе

Облыс әкімдігінде «Эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тақырыбында кеңес өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов және аталмыш министрліктің өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ғалымдар, ветеринария саласының басшылары мен мамандары қатысты.

 

 

Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында отандық агроөнеркәсіп кешенін сапалы дамыту, негізгі ресурсымыз ауыл шаруашылығының мол әлеуетін пайдалану жөнінде айтылғанын, соған орай алға қойылған тапсырмаларды орындау қажеттігіне тоқталды. «Күні кеше ғана өңірімізге келіп кеткен ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің бірқатар кәсіпорында, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуші «Кублейде» болды. Сонда мал шаруашылығын дамыту, мал басын өсіру жөнінде тиісті тапсырмалар берді. Бүгінде мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін өзекті мәселелердің бірі – қоғамдағы ветеринариялық қауіпсіздік» , - деген Б.Азбаев бүгінгі басқосуда осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбитінін жеткізді.

 

-Ауыл шаруашылығы саласы бойынша заңдарға өзгерістер енгізілуде. Ветеринарлық қауіпсіздік мәселелеріне қатысты заңнама Парламент Мәжілісіндегі талқылаудан өтті, енді Сенатта қаралуда. Осы мәселе бойынша Сенаттың тиісті комитетінің отырысына қатысып, нақты сұрақтарға қатысты пікіріұстанымызды білдірдік, - деді Арман Өтеғұлов. Оның айтуынша, ветеринарлық қызметті басқарудағы сатылы жүйенің болмауы, ветеринарлық қызмет көрсетуге арналған арнайы ғимараттардың жетіспеушілігі алды сәйкестендіруге, екпе шараларын өткізуге, мал арасындағы жұқпалы аурулардың алдын алуға теріс әсерін тигізеді. Осының барлығы жыл соңына дейін қабылданып, алдағы жылдан бастап қолданысқа енетін заңда көрініс таппақ. Төрағаның айтуынша, республика бойынша ветеринарлық қызметке 24 млрд. теңге қаралған. Ендігі мәселе - мемлекеттік қаржыны тиімді пайдалануда, зертханаға қажетті жабдықтарды алуда, базамен дұрыс жұмыстану, ветпункттердің жұмыстарын  талапқа сай жүргізуде.  Елімізде мал шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп, алыс және таяу шетелдерден асыл мал әкелінуде. Жақында Австралиядан 4 000 бас әкелінді, АҚШ-тан, Канададан, Еуропадан  да мал тасымалданған, Аргентина, Бразилиядан мал алуға келісімдер жүргізілуде. Асыл мал өсіруден сол елдердің деңгейіне қалай жетуге болады? Қазір БҚО-да 13 ветстанса бар, оның біреуі жалдамалы орында. 147 ветпункттің 58-і ғана өзіне басыбайлы тиесілі орында отыр. Дегенмен, өзге өңірлермен салыстырғанда облыстағы жағдай шүкір деуге болады. Сондай-ақ Арман Кәрімұлы ветеринарлық қызмет саласындағы штаттық бірлік жайына да талдау жасады.

 

13 ветстансада 214 штаттық бірлік бар, соның 49-ы ғана мал дәрігері, 9 диспетчер, 1- ветсанитар бар. 13 стансада 23 бухгалтер қызмет етеді. Бұл қалай? 60-70 млн.  теңгені санау үшін екі бухгалтерден ұстаудың не қажеті бар? Үш-ақ заңгер жұмыс істейді, мұнда 13 заңгер болуы керек. Бір шаруашылық меңгерушісі бар, ол неге 13 емес? Кадр қызметкері біреу, 40 жүргізуші, 15 от жағушы, өзге лауазымда 23 адам істейді. Сонда әр ветстанса өзінің керегінше штаттық бірлікті жасап алған. Осы қызметкерлердің барлығы ветстансаға бөлінетін 70-80 млн. теңгенің ішінде отыр. Сонда орташа жалақы 50 мың теңге, салықтарын алып тастағанда одан да аз. Ветдәрігердің жалақысы 75 мың теңге. Сондықтан жоспарлаған уақытта осының барлығын елеп-екшеу керек, - деді Арман Өтеғұлов. Оның айтуынша, БҚО-да мал басы саны көбейіп келеді.  Соған сай мал дәрігерінің де саны өсіп, жалақысы көтерілуі тиіс. Жиында айтылғандай, елімізде мал арасындағы бруцеллез ауруы Шығыс Қазақстан облысынан кейін Батыс Қазақстанда ең көп анықталған. Жаңа стратегия бойынша малдан екі рет қан алады, содан кейін қайтақайта ауру анықталатын болса, республикалық эпизоотиялық отряд әрі қарай өз жұмысын жалғастырады. Вакцинаны мал иесі өз қаражатына сатып алуы керек. Мысалға, 2018 жылы өңірде 6 бруцеллезге қарсы ошақ болса, биыл оның саны 12-ге жеткен. «Білдей ғалымдары, білім-білігі мол мамандары бар облыста неге бруцеллез ауруы тыйылмай отыр?» - деп жиынға қатысушыларға ой салды төраға. Басқосуда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов «Облыс көлемінде жергілікті атқарушы органдардың тарапынан атқарған іс шаралары туралы» баян етті. Баяндамада айтылғандай, өңірдегі ветқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл 1 млрд. 087 млн.теңге қаражат бөлінген. Мал арасындағы жұқпалы қауіпті аурулардың алдын алу шараларын өткізуге ветеринариялық препараттардың 4,3 млн. доза көлемі алынған. Облыс көлемінде биылғы 8 айлық жоспарға орай сібір жарасы ауруына қарсы МІҚ - 103%, ұсақ мал - 110%, жылқы - 108% екпе алса, ауыл шаруашылығы жануарларын пастереллезге қарсы - 103%, қарасанға қарсы – 107%, нодулярлы дерматитке қарсы мүйізді ірі қара  100% вакцинациялау жұмыстары жүргізілген. Күні бүгінге облыста жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының 7 ошағы тіркелді (2- құтыру ошағы, 3- қарасан, 2- пастереллез). Өткен жылы осы кезеңде 16 ошақ тіркелді (1- қарасан, 13- құтыру, 1- пастереллез,1-брадзот). Барлық ауыру ошақтарында сәйкесті ветеринариялық шаралар толық көлемде жүргізілді. Басқа аса қауіпті аурулар бойынша эпизоотикалық жағдай тұрақты. Диагностикалық шаралар нәтижесінде бруцеллез ауруына күні бүгінге 8 айлық жоспармен 443 мың бас мүйізді ірі қара зерттеліп (100%), оның 6108 басы оң нәтиже көрсетті. Облыс бойынша зақымдануы - 1,4% құрайды, бұл салыстырмалы 2018 жылғы осы кезеңмен 0,2%-ға азайды. Ұсақ мал бруцеллезіне 855 мың бас зерттеліп (100%), соның ішінде  1278 бас оң нәтиже көрсетті, зақымдануы – 0,15%. Күні бүгінге оң нәтиже көрсеткен санитарлық малдар уақытылы ет өңдеу кәсіпорындарына тапсырылуда, - деді Серік Базарұлы. Оның баяндауынша, бүгінде мүйізді ірі қара  арасында бруцеллезден қолайсыз 8 елді мекен (Сырым ауданындағы Аралтөбе ауылдық округіндегі Аралтөбе, Шолақаңқаты округіне қарасты Тоғанас, Алғабас ауылдық округіндегі Сасықкөл, Теректі ауданындағы Абай ауылдары, Орал қаласы аумағындағы "УСХОС" ЖШС, Орал қаласы Серебряково ауылындағы «Қайрат» шаруа қожалығы, Бөрлі ауданы Приурал ауылы,Тасқала ауданындағы Мереке ауылы), оның ішінде 1 ошақ (Орал қаласы Деркөл ш/а "УСХОС" ЖШС) 2018 жылдан жалғасуда. Ал ұсақ малдар арасында 3 елді мекен (Ақжайық ауданы Сарытоғай ауылдық округіндегі Жанама, Бөрлі ауданындағы Приурал, Бөрлі ауданындағы Ақбұлақ ауылдары) тіркеліп, бруцеллезден сауықтыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда МІҚ арасында 1 ошақта (Сырым ауданы Аралтөбе а/о Аралтөбе аулы) және ұсақ малдар арасында 1 ошақта (Ақжайық ауданындағы Жанама аулында) сауықтыру жұмыстары аяқталуда. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттқа шығару мүмкіншілігі мемлекеттегі тұрақты эпизоотиялық жағдайға тікелей байланысты. Сондықтан облысымызда тұрақты ветеринарлық-санитарлық қолайлықты және тамақ өнімдерінің түпкі тұтынушы, яғни адамға қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жыл басынан бері ауқымды жұмыстар атқарылған. Бұл туралы жиында облыстық аумақтық инспекциясының басшысы  Темірхан Қонақбаев баяндады. Оның айтуынша, биыл бруцеллез ауруын алдын алу мақсатында тұрғындардың арасында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 12 мақала жарияланып, 24 жиын өткен. Жеке және заңды тұлағаларға 1 мың 312 жадынамалар таратылып, бруцеллез ауруы анықталған аулалардың 2 мың 211 қора-жай, яғни 311 мың 346 шаршы метр көлеміндегі аумаққа залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.  Сонымен қатар өткізілген дезинфекция сапасын анықтау үшін жеке ауладан 222 сынамалар алынып, облыстық ветеринариялық зертханасына жолданып, нәтижесінде дезинфекция жұмыстарының жүргізілуінің жоғары сапасы анықталды. Облыс бойынша эпизоотияға қарсы ветеринаринариялық іс-шаралары жоспарына сәйкес аса қауіпті ауруларға вакцинация 100% орындалды. Күнделікті ветеринариялық-санитариялық бақылауды жүргізуде және ауыл шаруашылығы малдарын вакцинациялау жоспарын сапалы орындалуын бақылауда ұсталып қадағалауы аудандық аумақтық инспекцияларының басты назарында. -Облыстағы аудандар аумағында барлығы 255 мал қорымы бар, олардың ішінде 56-ы типтік үлгіде, 199 бейімделген мал қорымдары. Әлі 27 мал қорымын салу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі заманның талаптарына байланысты мал қорымдарына қойылып отырған қағидалары негізінде Орал қаласы, Сырым, Бөрлі Қаратөбе аудандарының жергілікті атқарушы органдары мал қорымы құрылысын салуға атсалысты.Біздің тарапымыздан бірнеше мәрте өзге аудан әкімдеріне хат жолданғанымен бүгінгі күнге аталған мәселе тиісті дәрежеде шешілмей отыр, - деді Темірхан Мәулетұлы. Жиында сала мамандары ветеринарлық қызметті жетілдіру, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті аурулар таралуын болдырмау жайында ойпікірлерін ортаға салды.  Елімізде эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын және биологиялық қауіпсіздік қатерінен  сақтауды ветеринарлық қызметпен бірлесе отырып, алдын алу үшін қоғам болып, ауылаудандардағы тұрғындар болып бір мақсат, бір мүдде жолында бірлесе жұмыстану керек деген ой-тоқтам жасалды жиында.