08 Қыркүйек 2019
20

Оралда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Облыс әкімдігінің басшылығымен, облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен облыстық тарихиөлкетану музейі ұжымының ұйымдастыруымен Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Бабалардың өршіл рухы өшпейді» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

 

 

Бұл шара Оралдағы Исатай мен Махамбет ескерткішінің ашылуына орай ұйымдастырылды. Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, профессор Карима Сахарбаева, филология ғылымдарының докторы, «Арыс» қорының (баспасының) директоры, саяси қуағын-сүргін құрбандары музейінің меңгерушісі Ғарифолла Әнес, белгілі ғалымдар, ЖОО-ның оқытушыпрофессорлары, ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметкерлері, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері, студенттер қатысты.

 

Жиынға арнайы келген ғалым Ғарифолла Әнес Махамбет энциклопедиясын құрастырудың заманауи мәселелеріне тоқталып, ондай энциклопедияны құрастырудың «кілті» неде екендігін ашып айтты. «Махамбет энциклопедиясына кілтті тапқан, ұсынған – қоғамның өзі. Өйткені Исатайдың, Махамбеттің көтерілісін ұлт-азаттық көтеріліс деп келдік. Әрине, ол дұрыс шығар, мен кәсіби тарихшы емеспін. Сол ұлтазаттық көтерілістің арқасында қос батыр жөнінде кеңес заманында айта алдық. Алайда айтылмаған қаншама көтеріліс бар. Тек 1929-1931 жылдардың арасында Қазақстанда 284 көтеріліс болған. 20 мыңдай адам «бандитизм» деген 59-бап бойынша атылып кетті. Тәркілеу кезінде экономикалық қылмыс деген 107- баппен қаншама адамның ғұмыры кесілді. Батыс өңірінің зерттелмей жатқан үзік тұстары жеткілікті. Ноғайлы деген дәуірді әлі зерттеген жоқпыз. «Қырымның қырық батыры» жырын ноғайлы жырлары деп шығардық. Сонда ғалымдар «бұл ноғайдың жырлары ма? Бұл не деген нәрсе?» деп өре түрегелді. Тарихшылардың, әдебиетшілердің өзі түсінбей жатыр ноғайлы, ноғайлы дәуірі деген сөзді. Президент Жолдауында Алтын Орданың 750 жылдығын тойлайтынымызды, бұл бағыттағы туристік мақсатты атап көрсетті. Ол – өзіміздің төл тарихымыз. Қазір Ресейдің өзі Алтын Орданың мұрагеріміз деп отыр. Жощы ұлысының бәрі Алтын Орданың бір сынығы ғой. Жошы ұлысынан Ноғай ордасы шықты, одан біз шықтық. Сондықтан ноғайлы дәуірін зерттемей, Махамбетті аша алмаймыз. Махамбет энциклопедиясының лейтмотиві жер болады. Жер мәселесі - кеше де, бүгін де өзекті. Сондықтан қазақтың жерін қорғаушы бабаларымыз деген ой төңірегіне топтастырып, тек Махамбет туралы емес, Қырымның қырық батыры жөніндегі де энциклопедия шығаруға еңбектенудеміз» – деді Ғарифолла Әнес.

 

Оның айтуынша, жайындағы ой-пікірін айтса, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясы Халық музыкасы факультетінің деканы, ғалым Кәрима Сахарбаева «Махамбеттің музыкалық мұрасы» тақырыбында баяндама жасады. Оның баяндауынша, батыр бабамыздың қазіргі қолдағы бар 11 күйі оның ақын ретінде поэзиядағы даралығына қоса, күй өнерінде де сондай оқшау, асқақтығын көрсетеді.

 

«Домбыра тартсам келер күй»,- деп Махамбеттің өзі айтқанындай оның күйі - көтеріліс уақытында жыр сарынын арқаулаған тағдырының жан толқынысы. Оның күрделі де техникалық жағынан оқшау туындылары 18 ғасыр күйшілік мектебінің шыңы. ХІХ күй өнерінің «Алтын ғасыр» кезеңінің іргесін қалаған, дарабоз дарынды жоғары бағалаймыз», - деді К.Сахарбаева. Баяндамашы сондай-ақ Махамбеттің ұрандатқан дауылды күшке, жігерге толы күйлерінің алғаш ортаға жетіп белгілі болуы 1957 жылы екенін айтты. «Қазақ өнерінің жанашыры, құпия қызметтер бөлімінде жұмыс істеген Орал өңірінің тумасы М.Ысмағұлов академик А.Жұбановқа Алматыға Оразғали Сүйімбеков атты күйшінің келгенін, Махамбет күйлерін білетінін хабарлайды. Бірақ бұл келгенінде мүмкіндік болмай келесі жолына уәде береді, сөзіне тұрып 1958 жылы консерватория фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясының қызметкері Асқан Серікбаева және А.Жұбанов Махамбеттің «Жұмыр қылыш» және «Қайран Нарын» күйлерімен қоса бұрын белгісіз 39 көне күйді жазып алады. Осы кездесуден кейінА.Жұбанов 1961 жылы шыққан «Құрманғазы» жинағында: Махамбеттің «Жұмыр қылыш», «Қайран Нарын» күйлері Құрманғазы күйлерінің ата күйлері», - деді ғалым К.Сахарбаева Махамбеттің музыкалық мұрасының алғаш ғылыми жүйеге енуі жайында. Ал Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев «Исатай мен Махамбет Жасқұстағы хан ордасын неге шаппады?» деген мәселеге қатысты ұстанымын айтты.

 

Бұл жөніндегі ғалымның мақаласы облыстық «Орал өңірі» газетінің биылғы 6 қыркүйекктегі №72 санында жарияланды.

 

 

Ал Оралдағы Жәңгір хан атындағы тарихи-этнографиялық музей меңгерушісі Нұржан Төлепов Исатай қаза тапқан соңғы ұрыс – Ақбұлақ шайқасының өткен жеріне қатысты өз болжам зерттеуімен бөлісті. Оның айтуынша, аталмыш шайқас облысымыздағы Шыңғырлау ауданы аумағында өткен. Ғылыми жиында Атырау облысынан келген қонақтар атынан сөз алған Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының қызметкері, ақын Әлия Дәулетбаева Ақ Жайықты тел еміп, құм Нарынды бірге жайлаған екі облыс халқын қос батырдың ескерткішінің ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ Атырау облыстық әкімдігі жанындағы Махамбет атындағы республикалық сыйлықты тағайындау жөніндегі комиссиясының шешімен Махамбет Өтемісұлының мұрасын насихаттаудағы ұзақ жылғы еңбектері үшін күйшілер Өтеген Жұмашев, Едіге Нәбиев, Ермек Қазиевтерді Махамбет сыйлығымен марапаттау туралы шешімімен таныстырып, осы күні Махамбет мұрасын сүйер қауымды ерекше толқытқан ғажап сәттің бірі – жасы тоқсанға келген қарт домбырашы, қазақ күй өнерінің алтын қорына Махамбеттің «Өкініш» күйін және басқа көне шығармаларды жеткізген Өтеген Жұмашев ақсақалға Махамбет сыйлығының табыс етілуі болды.