05 Қыркүйек 2019
86

Орал қаласы әкімінің кубогын Ақжайық ауданы ұтып алды

Орал қаласында Қадыр Мырза Әли атындағы өнер орталығының амфитеатрында қала әкімінің жүлдесіне арналған республикалық «Жайдарман» фестивалі өтті. Қала күніне орайластырылып ашық аспан астында ұйымдастырылған күлкі кешіне жиналған көрермен қарасы мол болды.

Кеш көрермендерін Қала күні мерекесімен құттықтап, ізгі лебізін білдірген Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ойынға қатысу үшін алыстан ат терлетіп келген командаларға сәттілік тіледі.

 

Шаһар басшысының арнайы кубогі сарапқа салынған әзіл-қалжың тартысына жалпы саны 10 топ қатысты. Олардың арасында республикалық жоғарғы және премьер-лигада өнер көрсетіп жүрген белгілі топтар да, әзіл сахнасына жаңадан тәй-тәй басқан құрамалар да болды. Семей қаласынан келген «Шатыр», шымкенттік «Бүгін KZ» және Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданының «Майами», Құлсары қаласының «Құлсары жастары» құрамалары, көршілес Ақтөбе қаласының намысын арқалап келген «Эконом класс» және «49», ақсайлық «Квартал» топтарымен қатар М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ мен Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жастарынан құралған «Талант», Батыс Қазақстан инновациялықтехнологиялық университетінің «Жаңа толқын» жайдарманшылар тобы, Ақжайық ауданынан келген «Статус» жастары жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй мен әдемі әзіл, қағытпа қалжың сыйлады.

 

Тартысты өткен кеш қорытындысында атыраулық «Майами» тобы үшінші, семейлік «Шатыр» құрамасы екінші орынды иеленсе, арнайы кубок Ақжайық ауданы жастарынан құралған «Статус» тобына бұйырды. Ал ақтөбелік «Эконом класс» құрамасының мүшесі Азамат Есмырзаев «Үздік ойыншы» атанды. Қатысушыларға қала әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

 

Айта кетерлігі, жас та болса, жарқ етіп шығып, көпшілік көңілінен орын ала білген «Статус» жайдарман тобының құрылғанына бір жылдан астам уақыт болған. Топ құрамында өнер көрсетіп жүрген жастар – Ақжайық ауданындағы аграрлық колледждің студенттері.