05 Қыркүйек 2019
61

БҚО-да 42 мың шағын және орта бизнес кәсіпорны жұмыс жасауда

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы облыс активінің жиынында талқыланды. Оған облыс әкімі Ғали Есқалиев, ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұхамеджан Абауов, облыстық мәслихат депутаттары, Орал қаласы мен аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, саяси партиялар филиалдарының, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

 

 

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялап, негізгі басымдықты әлеуметтік саясатқа, кәсіпкерлікті дамытуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға арнады. Жолдауда еліміздің тұрақты дамуы, экономикалық өсімі, халықтың денсаулығы мен білімінің сапасы, әлеуметтік қорғау, руханияты мен мәдениетінің дамуы қамтылған. Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы құрылымдардың жұмысының тиімділігін арттыру мәселесін атап өтті. Қоғаммен тығыз қарым-қатынасты одан әрі дамытып, азаматтардың түйткілді мәселелерін шешуге баса тоқталды. Бұл әрбір мемлекеттік қызметкерден жоғары жауапкершілікті талап етеді. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың барлық конструктивті сауалын жерде қалдырмайтын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру. Қазақстан Президенті қойып отырған осы міндетті орындауға азаматтық қоғамды жұмылдыру маңызды, - дей келе облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірде азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру, тұрғындарды қабылдау жүйелі жолға қойылғанын ерекше атап өтті. Азаматтардың мемлекеттік құрылымдармен тікелей байланысын орнату, өзекті мәселелерін жедел түрде шешу мақсатында тоқсан сайын «Ашық әкімдік» шарасы ұйымдастырылып жүргендігін нақты мысалға ала отырып, жыл басынан бері 5 мәрте өткізілген «Ашық әкімдікте» 3 мыңнан астам тұрғынның мәселесі қаралғанын мәлімдеді. Бұл тәжірибе қазіргі уақытта жалғасын тауып, Орал қаласы мен барлық ауданда жүзеге асырылуда. Сонымен қатар мемлекеттік құрылымдар мен тұрғындардың өзара қарым-қатынасын жеңілдету бағытында Орал қаласы әкімдігімен «Қолжетімді әкімдік» жобасы тиімді түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс басшысы бұл бастаманы өзге мемлекеттік құрылымдар мен әкімдіктерде қолға алу және фронт кеңсе форматында жұмыс жүргізу көзделіп отырғандығын жеткізді.

-Менің тапсырмама сәйкес, облыстың барлық ауданында қоғамдық өкілдерім тағайындалып, олар жұртшылықпен тығыз байланыс тетіктерін орнатуда. Ең басты міндет – ел болып біріге еңбек етіп, қарқынды дамуды күшейте беру. Мемлекет басшысы Жолдауының мәні де, мақсаты да осында деп білемін. Жергілікті атқарушы биліктің алдында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті тұр. Жолдауда «Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті құрылымдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр екендігін атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік құрылымдарға халықпен тиімді кері байланыс орнату, қоғамдық диалог пен ашықтықты қамтамасыз ету турасында нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ мемлекет басшысы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін нақтылай келе, алдағы уақытта қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатынын атап көрсетті. Латын әліпбиіне көшу бойынша да алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Мемлекеттік тілдің жоғары дәрежеге көтерілуіне бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек, - деді Ғали Есқалиев. Президент Жолдауда бейбіт акциялар мен жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлуді тапсырған болатын. Осыған орай өңірде мәслихат шешімімен бейбіт жиындар мен митингілер өткізуге арналған 22 орын бекітілген. Олардың бесеуі Орал қаласында орналасқан. Ғали Нәжімеденұлы заңға қайшы бұзақылық әрекеттерге шақыратын үндеулерге заң шеңберінде тосқауыл қойылатынын қаперге салып өтті. Бұдан соң облыс әкімі мемлекет басшысының «жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді» деген пікірін негізге ала отырып, орта және шағын бизнес субъектілерінің санын мемлекеттік қолдау арқылы одан әрі арттыру мәселесіне тоқталды. Өңірдегі 42 мың шағын және орта бизнес кәсіпорындарында барлығы 112 мың адам жұмыспен қамтылған. Биылғы жылдың сегіз айында «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 87 жоба мақұлданып, 5,7 млрд. теңге несие берілген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 2,4 млрд. теңгені құрайтын 608 шағын несие ұсынылған.