10 Қыркүйек 2019
102

15 сағаттық қабылдау шарасы

Оралда азаматтарды қабылдауды заманауи форматта өткізу игі дәстүрге айналды. Осы аптаның алғашқы күнін облыс әкімі Ғали Есқалиев, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдардың бірқатар басшысы халықты қабылдау шарасына арнады.

Облыс және қала әкімі, облыстық басқармалар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары, ТҮҚЖБ басшылары, яғни халықпен тікелей байланыста жұмыс жасайтын жандар азаматтардың жайлылығы үшін кең залда жиналды.

 

Әр азаматтың өздерінің түйткілді мәселелерін шешу үшін құрылым басшыларына тікелей жолығу мүмкіндігі болды. Тұрғындар бір орында отырып-ақ түрлі саланы қамтитын кеңес алды. Бұл ретте қабылдау тәртібі электронды кезек арқылы ұйымдастырылды. 

 

Азаматтарды қабылдау таңертеңгі 9:00-де басталып, түнгі 24:00-ге дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында келушілерді түгел қабылдау мақсатында  үзіліссіз жұмыс жүргізілді. Қабылдауға жазылған азаматтардың арасында облыс аудандарынан келген жандардың болуына байланысты бұл аса маңызды еді.

 

80 адам өңір басшысы Ғали Есқалиевке жеке мәселелерімен жолығып, тағы 65 азаматты Орал қаласының әкімі қабылдады. Жалпы қабылдау барысында 272  тұрғын мәселелерін билік өкілдеріне жеткізу мүмкіндігін иеленді. 

 

Атап өтерлігі, 10 мәселенің 8-і баспана алумен байланысты болды. Бизнесті кеңейту мақсатында жер алумен  байланысты сұрақтар да айтылды. Азаматтар сондай-ақ құқық қорғау құрылымдарының шешіміне шағым айта келіпті. Қабылдау барысында өңір тұрғындары туризмді дамыту, облыс орталығын абаттандыру және басқа мәселелерге қатысты өз ұсыныстарын білдірді. 

 

Азаматтар жолыққан мәселелердің қатары болашақта жеңілдетілген ипотекалық несиелеу және баспананы жалға беру бағдарламаларының ауқымын кеңейту қажеттігін көрсетеді. Аталмыш бағдарламаға сұраныс өте жоғары. Сонымен бірге жер телімдері бойынша шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту керек.

 

Ел Президенті «еститін мемлекет» тұжырымдамасына көшу қажеттілігін бірнеше мәрте тапсырды. Бұл қадам халықпен тығыз байланысты қамтамасыз етіп, өңірлердегі әкімдіктердің азаматтар үшін қолжетімділігін арттырады. 

 

Аталмыш жұмыс форматы халыққа мемлекеттік қызметтер ұсынуды жетілдіруге және азаматтардың  түйткілді мәселелерін шешуде көрсетілетін көмек сапасын арттыруға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкестігін көрсетеді. 

 

Айта кету керек, облыста азаматтарды қабылдау тұрақты түрде жүргізіледі. Облыс орталығында және аудандарда халықпен тікелей және кері байланыс үшін қолданыстағы алаңдар саналатын дәстүрлі «Ашық әкімдіктер» өткізілуде. Бұдан басқа, азаматтарды қабылдау «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында жүзеге асырылады.