11 Қыркүйек 2019
133

Оралда этномәдени бірлестік өкілдері Жолдауды талқылады

Оралдағы Достық үйінде «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбында этномәдени бірлестік өкілдері ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына қатысты ой бөлісті.

 

–ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алғашқы Жолдауы ауқымды міндеттерді қамтыды. Яғни, заманауи тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, серпінді және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру, қуатты өңірлерді қалыптастыру бойынша нақты міндеттер айқындалды. Еліміздің саяси-қоғамдық өмірі қайта түлеп, барлық салада жүйелі реформалар қолға алынбақ. Саяси жаңғыру үдерісінен Қазақстан халқы Ассамблеясы да тыс қалмайды. Сондықтан азаматтық қоғам өкілдерін маңызды міндеттерді талқылауға шақыруымыз қажет. Ассамблеяға қарасты диалог алаңдары бар. Қоғамдық келісім кеңестері, ақсақалдар алқасы, жастар қанаты секілді құрылымдық бөлімшелері бар ұйым ашық пікірталасқа дайын,- деді БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов. Облыстық Ассамблеяның аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалина Президент Жолдауынан үлкен үміт күтетінін айтты.

–Жолдауда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» бойынша басқару жүйесін, мемлекет тұрақтылығын нығайту қажеттігі айтылды. Азаматтық қоғаммен диалог құруға назар аударылып жатыр. Өңірде құрылған қоғамдық кеңестер көп, бірақ нәтижесі қандай? Олардың жергілікті билік құрылымдарына ықпалы қандай? Міне, осындай сауалдар туындауда. Нәтижелі жұмысты өзімізден бастауымыз керек. Қоғамдық келісімді нығайтып, ашық диалогтарды қалыптастыруда Ассамблея рөлінің күшеюі маңызды. Президент ана мен бала құқығы қорғауды, жыныстық зорлық-зомбылық, есірткі саудасына тосқауыл қойып, ауыр қылмысқа сай жаза беруді тапсырды. Білім беру сапасын жақсартуға үлес қосуымыз керек, - деді Шалқыма Құрманалина.

Дөңгелек үстелде «Ағайын» қазақ этно-мәдени бірлестігі» төрағасы Мақсот Берген, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, эксперт, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың дүниежүзілік тарих және әлеуметтік-саяси пәндерінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандитаты Алтынай Журасова ойымен бөлісті. Жиналыс қарарында облыстық ассамблея мүшелерінен ақпараттық-түсіндіру топтарының құрамын жасақтап, Жолдауды талқылау, түсіндіру мен іске асыру жұмыстарын жүргізетіні айтылды.