12 Тамыз 2019
81

Оралда тұңғыш рет триатлон өтті

Орал қаласында алғаш рет триатлоннан екі күндік республикалық біріншілік өтті. 10 тамыз күні НұрСұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және Түркістан, Қостанай, Жамбыл облыстарынан келген 22 кәсіби спортшы сайысқа қатысты.

Олар «супер спринт» және «спринт» қашықтықтары бойынша Elite (18-23жас), U23 (18-23), U19 (17-19 жас) санаттарында 300 метр жүзу, 8 километр веложарыс, 2 километр жүгіруден, U23 (15-17 жас) бойынша 750 метр жүзу, 20 км веложарыс, 5 км жүгіруден сынға түсті. Триатлонды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қазақстандық триатлон федерациясы ұйымдастырды. Сайыстың өтуіне «СамрұқҚазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері бойынша комитеті, ҚР ұлттық олимпиада комитеті, облысы әкімдігі және BI Group компаниясы демеу білдірді.

– Триатлон – жүзу, веложарыс және жүгіру секілді жекелеген спорт түрлерінен құралған мультиспорттық циклды олимпиадалық спорт түрі.Республикалық сайыс Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында өткізілуде. Шағанның суы жылы, яғни су температурасы +20°С шамасында. Атлеттер гидрокостюмсіз жүзді. Жергілікті ұйымдастыру комитеті жақсы дайындалған. Elite санатындағылар триатлоннан ҚР кубогін сарапқа салуда. Ал қалған санаттағылар ел чемпионаты жүлделеріне таласады, - деді шара барысында қазақстандық триатлон федерациясының спорт директоры Сергей Майр.

Кәсіби спортшылар арасында U17 санатынан алматылық Александр Тен («спринт» қашықтығы, 1 сағат 03 минут 32 секунд), U23-тен нұрсұлтандық Дарын Қонысбаев (супер-спринт ІТТ, 24 минут 07 секунд), Elite бойынша шымкенттік Семен Пивоваров (супер-спринт ІТТ, 23 мин 57 сек), ал осы санаттағы әйел спортшылар арасынан нұрсұлтандық Арина Шульгина (28 мин) жеңімпаз атанды.

Ертеңіне «TEMIRADAM» кубогінің IX кезеңі аясында 30 әуесқой спортшы Орал қаласының «спринтерлік» трассасын сынап көрді. Спортшылар Шаған өзенінде 750 метр қашықтықта жүзіп, қалалық мәдениет және демалыс саябағында 20 километргевелосипедпен жарысып, 5 километргежүгірді. Күн райы бірден құбылса да, сайыскерлер тосылмады. Аптап ыстық болған күн тез суытты. 25-29 жастағы ерлер арасында сайысқан павлодарлық Александр Хитров жүзуденқарағандылық Дмитрий Машенцевтен есе жібергенімен, веложарыс кезінде қарысласынан озып шығып, мәреге дейін алдына жан салмады. Нәтижесінде ол ерлер арасындағы абсолютті жеке есепте 1 сағат 09 минут 43 секунд уақытымен үздік атанды. Додаға қатысқан жалғыз әйел Нұргүл Орынбасар (Ақтөбе облысы) 1 сағат 44 минут 07 секундта мәреге жетті. Эстафеталық команадалар арасында Aksai Sport Club (БҚО, Орал) 1 сағат 13 минут 17 секундта сайысты аяқтап, бірінші орынға лайық деп танылды. Республикалық деңгейдегі триатлон жарысы Өскемен қаласында өтпек.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

zhaikpress.kz