17 Тамыз 2019
97

БҚО-дағы 17 су айдыны заңсыз құрылған аулардан тазартылды

«Аулардан таза су айдындары» республикалық акциясы облыс орталығындағы және бес аудандағы 17 су айдынында өткізілуде. Акция мақсаты – су астына заңсыз құрылған ауларды тазарту

 

 

Бүгін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Орал қаласы маңындағы Шаған өзеніне рейд ұйымдастырды. Арнайы топ түске дейін өзенге тасталған ауларды шығарып, заңсыз тор салып, балық аулаумен айналысып жүрген бір тұрғынды ұстады.

 

 

– Жыл басынан бері облыстағы су айдындарынан 600-ден астам иесіз ау жиналса, оның ішінде 185-і – шаян аулайтын жабдық. Комитетке қарасты Ақжайық инспекциясының бөлімі 142 рейд ұйымдастырды. Нәтижесінде 123 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде 11 әкімшілік іс сотқа жолданды. Су айдындарына жасырын ау құрып, балық аулағандарға 1 млн 630 мың 825 теңге айыппұл салынды. ҚР «Табиғатты қорғау туралы» заңына сәйкес балыққа тор құрғандарға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын немесе одан да қатаң жазаға тартылатынын ескертеміз. Бүгінгі рейд барысында өрескел түрде заңды бұзған тұрғын ұсталды. Әкімшілік хаттама толтырылды, енді бұл іс сотқа жолданады, – деді Ақжайық инспекциясы бөлімінің бас маманы Геннадий Картунов.