29 Тамыз 2019
52

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы киіктерді қоршап бағуды ұсынды

Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев облыстық мәслихат сессиясында облыстың оңтүстік аудандарындағы шаруа қожалықтарының меншігіндегі шабындық пен жайылымды киіктің отауы мәселесін көтерді.

 

 

-Бұл мәселеде қандай да бір шешім қабылдау біздің басқарманың құзыретіне кірмейді. Киіктердің күтіп бағылуына, санының көбеюіне байланысты бекітілген таралу аумағынан басқа жаққа көшіру сияқты мәселелерге Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық инспекциясы жауапты. Шабындық пен жайылымның оталу мәселесін шешу үшін киіктерді арнайы қорғалған аймақта "электронды бақташы" қоршауы арқылы бағуды ұсынамыз, - деді Берік Абатұлы.

 

Шаруаларға биылғы қуаңшылықта қысқы мал азығын дайындау оңай тимесі анық. Онсыз да шығымы төмен шабындықта мыңдаған киік жайылғасын шөп қорын дайындау өзекті мәселеге айналғаны шындық. Берік Есенғалиевтің айтуынша, алдағы қысқа малға 1,532 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Қазір 1087 мың тонна шөп дайындалды, бұл қажеттіліктің 71 пайызы.

 

БҚО-да 1 тамыздағы есеп бойынша 639 мың ірі қара, 1 млн. 166 мың қой, 223 мың ешкі, 2,2 мың түйе малы мен 198 мың жылқы бар.

 

Биылғы әуе санағының қорытындысы бойынша, Орал популяциясы киіктерінің саны 217 мыңға жеткенін хабарлаған едік. Осыншама киік жайылатын аумақты түгел "электронды бақташымен" қоршау қаншалықты тиімді, ол аумақтың қанша бөлігі жеке шаруашылықтардың еншісінде екенін басқарма басшысы есептеп барып ұсыныс айтты деп ойлаймыз...