03 Қыркүйек 2019
95

Тәртіп сақшылары ерекше балаларға иппотерапия сеансын өткізуде

Атпен серуендеу арқылы талай жан дертіне дауа тапқан. Облыста даун синдромы, аутизм диагнозы қойылған балалар иппотерапия емін алуда. Сырқат балалар атпен серуендеп, халықтық медицинаның мүмкінгін көруде.

 

 

Сәуірден бастап БҚО-ның тәртіп сақшылары ерекше балаларға иппотерапия сеансын ұйымдастыра бастады.

Иппотерапиялық емдеу әдісі тірек-қимыл аппаратының бұзылуында, атеросклероз, бас сүйек жарақатында, полимиелитте, асқазан-ішек ауруларында, простатитте, ақыл-ой жетіспеушілігінде ұсынылады. Аталған емді 15 бала апта сайын сабақтан өтеді. Олардың арасында тірек-қимыл және басқа да аурумен ауыратын балалар бар.

Зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының тәрбиешісі Назира Кушимованың айтуынша, бала жануарды жақсы көреді, онымен сөйлеседі, сырласады, атпен жүргенде көңілі көтеріледі. Ат үстінде, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оның өз-өзіне деген сенімі артады. Ал сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі ем алудың ең басты. Балалардың арасында экскурсия мен басқа да ойын-сауыққа барғысы келмейтіндер бар. Бірақ олар полиция қызметі ұсынған иппотерапиядан бас тартпаған.

 

 

Осындай иппотерапиялық емге барып жүрген балалардың бірінің анасы департамент басшылығына келіп, алғысын жеткізді.

Қала тұрғыны Әлия Бекжанова екі баланың анасы. Гаухар есімді қызы сал ауруына шалдыққан. Оның зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығына барып жүргеніне бір айдан астам уақыт болған. Иппотерапиялық емнің нәтижесі де жоқ емес.

Әлия Бекжанова БҚО Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов қабылдауында болып, ыстық ықыласын білдіріп, облысымыздың бас полицейіне алғыс хат табыстады.

- Қай ата-ана болмасын баласының дені сау болғанын, болашағының жарқын болғанын қалайды. Қызым иппотерапиялық сеансқа аса қызығушылықпен барады. Бұл ем атам қазақтың бұрыннан жалғасып келе жатқан емі. Сондықтан осындай ем алуға мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткеніңіз үшін өзіңізге және полиция қызметіне алғысымыз шексіз! - деп ризашылығын білдірді.

Айта кету керек, 2017 жылы БҚО Полиция департаментінің жанынан кавалериялық взвод ашылып, іске кірісті. Бұл қызметте атқа икемі бар, құлағында ойнайтын 25 жігіт жұмыс істейді. Қазіргі уақытта іріктелген жігіттердің барлығы да ІІД жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қатарынан алынған. Ал Иппотерапия емін жүргізетін тәртіп сақшылары бұл іске әрқашан өте үлкен жауапкершілікпен қарайды.