11 Қыркүйек 2019
89

Студенттер жатақханасына рейд жүргізілді

Бүгін М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенттері тұратын жатақханалардың жағдайын білу мақсатында рейдтік топ тексеру жүргізді.

 

Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында еліміздегі университеттер жатақханасына студенттерді орналастыруда кедергілер жасалатыны, осы мәселені шешуге байланысты қоғамдық бақылауды жолға қою жөнінде айтылды.

 

 

Осыған байланысты ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллин, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі Әлия Салиева, «Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев университет жатақханасының тынысымен танысты.

– Орал қаласында БҚМУ-ға қарасты үш жатақхана бар. Қазіргі уақытта жатақханаларға 1200 студент орналасты. Әлі күнге студенттерді орналастыру жұмысы жалғасуда. Университет жанындағы арнайы комиссия отырысы арқылы студент өтініштері сарапталып, табысы төмен және көп балалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі студенттерді, аллымен 1-курста оқитындарды қамтуға мүмкіндік беріледі. Әрбір қабатта шомылатын, кір жуатын, тамақ пісіретін бөлме, дәретхана, оқу залы бар. Студенттер бос уақытын тиімді өткізуге арналған шағын зал ашылған. Әлеуметтік жағдайы төмен, мінезқұлқы күрделі жастармен психологтарымыз шұғылданады, қажет кезінде әр студентке жеке қабылдау өткізеді. Студенттердің жатын орны, төсек жабдығының санитарлық тазалығы тексеріліп тұрады. Дәрігерлік қызмет көрсету орталығы бар. Биыл оқуға өзге өңірлерден түскен студенттер көп. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға жатақханадан орын толық тегін беріледі. Бір жылдағы өтем құны – 45 мың теңге, – деді БҚМУ-дың жастар ісі жөніндегі комитеттің аға консультанты Жанбота Ешимова.

 

 

Рейдтік топ мүшелері №1 және 2 жатақхана ғимараттарына кіріп, әрбір қабаттағы тұрғындарымен сөйлесті.

«Сырым ауданынан түлеп ұштым. Университеттің филология факультетінің 1-курсында оқимын. Төрт баламен тұрып жатырмын. Бөлме ішін өздеріміз кезектесіп жуамыз. Таза ұстауға тырысамыз», – деді Елжан Ғалымжан.

– «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында «Jas Otan» жастар қанаты, «Орал» студенттер альянсы мүшелерімен жатақхананың жабдықталуы жайына мониторинг жүргізудеміз. Жатақхана ғимараттарында wi- желісі қосылған. Оқу залын түнгі сағат 12:00-ге дейін пайдалануға мүмкіндік бар. Студенттер университет қамқорлығына риза. Дегенмен тұрмыстық техникалардағы ақау, ғимараттың сыртына орнатылуы тиіс ауа тазартқыш жабдығының болмауы секілді ұсақ-түйек кемшіліктер бар. Соған байланысты тиісті ұсынбалар береміз. Студенттер қосымша өтініштер мен ұсыныстары болса, Anticorruption ZKO cілтемесімен әлеуметтік желілері арқылы бізбен байланыс жасай алады. Жастарға жатақхана талаптарын сақтай отырып, адал болуға, тұрмыс жағдайын, құқын бірлесіп қорғауға мүмкіндік жасауға шақырамыз, – деді Біржан Хайруллин. Сол күні рейдтік топ Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың жатақханаларын тексеруге барды.