13 Қыркүйек 2019
124

Израиль елшісі «Ламед» бірлестігі мүшелерімен кездесті

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Израильдің Қазақстандағы елшісі Лиат Вексельман «Ламед» еврей этномәдени бірлестігінің мүшелерімен кездесті. Басқосуға еврей орталығының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, БҚО ҚХА құрылмдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

 

 

Кездесуді ашқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов мәртебелі мейманға Ақ Жайық өңіріне «қош келдіңіз» дей келе, Ассамблеяның құрылу тарихымен таныстырды. Оның айтуынша, облыстық ҚХА 1995 жылы құрылған. Бұл институт тілді, мәдениетті және ұлттық дәстүрлерді сақтау, дамыту, қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайтуға қызмет етеді.

 

 

 

«Ламед» еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Феликс Баюканский алдағы 16 желтоқсанда еврей орталығының құрылғанына 30 жыл толатынын, осы жылдар иірімінде еврей орталығының өкілдері тілін, ұлттық салт-дәстүрін, мәдениетін сақтау әрі дамыту бағытында көп жұмыстанғанын баяндады. Облыстағы өзге де этностық орталықтармен бірге түрлі мәдени-көпшілік шаралар өткізуге ұйытқы болған. Қазақстан халқының және еврейлердің тарихын оқыту, патриотттыққа тәрбилеу бағытындағы жүргізілген жұмыстар да бар. Оралда 120, облыс аумағында 6 мыңдай еврей ұлтының өкілі тұрады.

 

 

-Батыс Қазақстан облысына әкімдікпен, қауымдастықпен, кәсіпкерлермен танысуға келдім. Ондағы мақсат – ортақ істерді, яғни Израиль мемлекетінің қандай салаларда бірлесіп жұмыс істей алатынын анықтау. Сондай-ақ экономикалық бизнес форумға кибернетика, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларымен айналысатын израильдық компаниямен бірге қатысамын. Өңір басшылығымен, кәсіпкерлермен кездесіп, алдағы уақытта смарт-сити, агроөнеркәсіп кешені, кәсіпкерлік, инновация салаларында бірге қолға алатын қызықты жобаларды бағамдадық, - деді Израильдің Қазақстандағы елшісі Лиат Вексельман.

 

 

Еврей қауымдастығының өкілдері елшіге өздерін толғандыратын сұрақтарын қойды. Еврей тілін оқытуға және ұлттық еврей билерін үйретуге кәсіби маман жіберу жөніндегі өтініштерін де білдірді. Сондай-ақ жиында еврейлердің тарихи отанымен байланысын нығайту бағытында қалалар бауырластығын байланысын орнату, кәсіпкерлік, білім, мәдениет салаларында өзара тәжірибе алмасу және өзге де мәселелер сөз болды.