20 Қыркүйек 2019
175

Ақжайық ауылында 3 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді

Бүгін Теректі ауданының Ақжайық ауылында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 24 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері мен апатты үйдің тұрғындарының көптен күткен қуанышына облыс әкімі Ғали Есқалиев келіп ортақтасты.

 

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жер» бағдарламасы

 

жүздеген отбасына қуаныш сыйлады. Жаңа үйдің кілті қолына тиген жандар қоныс той тойлап жатыр. Осындай жақсы хабарды біз күн сайын естіп, қуанамыз. Өткен жылы Теректі ауданының орталығында 16 отбасы, биыл мамыр айында бірден 36 отбасы жаңа қонысқа қонған еді. Бүгін Ақжайық ауылында тағы 24 пәтердің кілтін табыс етеміз.

 

Жаңа үй Ақжайық ауылында жалғыз жаңа нысан емес.Алдағы уақытта Жаңа Өмір, Подстепное ауылдарында да көпқабатты үйлер салынады. Өздеріңіз білесіздер, өңір мақтанышы - Ақжайық шипажайына апаратын жол жөнделіп жатыр. Жоспар бойынша, жыл аяғына дейін жол жөндеу аяқталады. Ал Ақсуат ауылына барар жолды салу аяқталды. Юбилейный ауылында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза ауыз су құбыры ашылады. Донецк ауылында бірден екі нысан іске қосылады. Сол ауылда туристік база ғимараты ашылды. Және де ауыл азаматы Мерболат Жанғалиев өз қаражатына салған медициналық пунктті халық игілігіне береді бүгін. Бұл Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, өз ауылдастарына сый ретінде тартылған емдеу орыны. Осы іс басқа да кәсіпкерлерге үлгі болып, ауылдастарына жақсылық жасар «Атымтай Жомарттар» көп болар деген үмітім бар. Тап осындай сыйды Теректінің азаматы, кәсіпкер Сержан Идиятов Федоров ауылында жасап отыр. Бүгін құрылысы аяқталған  сауықтыру орталығы кешенінің тұсауы кесіледі. Покатилов ауылында Қарылғаш Сералиеваның тәтті мен дәмді үйі есігін айқара ашты.

 

Баспаналы болып жатырған ағайын! Қоныстарыңыз құтты болсын! Үйлі болуды күткен жандарға жұғысты болсын! Жақсылық жақсылыққа ұлассын,-деді өңір басшысы.

 

Жаңа үйден үш бөлмелі пәтер алған Айнұр Қажиахметованың пәтер кезегінде тұрғанына алты жыл болған екен. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп отырған Нұриддин мен Айнұр Қажиахметовтер пәтер кілттерінің қасиетті жұма күні табысталуын жақсылыққа балайды.

  • Жұбайым екеуміз көп қиындық көрдік. Ұзақ жыл пәтер жалдап келдік. Енді

басымызда жайлы баспанамыз бар, барлық қиындық артта қалды. Көпбалалы аналарға қамқорлық танытқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, баспана ұсынған облыс, аудан басшылығына алғыс айтамын. Әлі сене алар емеспін,- дейді қуанышын жасыра алмаған қоныстой иесі.