20 Қыркүйек 2019
229

Юбилейный ауылында таза ауыз су құбыры іске қосылды

Теректі ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ғали Есқалиев Юбилейный ауылында болып, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында салынған орталықтандырылған ауыз су құбырын салтанатты жағдайда іске қосты.

Ел дамуының басты көрсеткіштерінің бірі - халықтың әлеуметтік жағдайы. Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Елбасының Жарлығымен  бекітілген «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде соңғы жылдары ауыз су мәселесі оң  шешімін тауып келеді.

 

Бүгінде Теректі ауданы бойынша ауыз су құбырлар желілері құрылысына жалпы 1 564 млн. 650 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген, соның ішінде Юбилейное  ауылына 197 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Барлығы 101 тұрғын үйге су құбырлары тартылып, іске қосылған.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты таза ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасуда. Сапалы су - сапалы өмір кепілі. Енді сапалы су сіздерге де жетті. Алдағы уақытта аудандағы Богдановка және Приречное ауылдарының су құбыры құрылысын аяқтау және 4 ауылға су құбырын тарту жоспарланып отыр. Әр үйге кіргізілген «Ақбұлақ» игілігіңізге жарасын,-деді ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтаған облыс басшысы.

Ғали Есқалиев аталмыш жоба құрылысын сапалы әрі уақтылы жүргізген «KSG» ЖШС-на ризашылығын білдірді.

 

Бұдан соң облыс әкімі алғашқылардың қатарында орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған ауыл тұрғыны, зейнеткер Махамбет Мақсоттың шаңырағында болды. Ақсақал ауылдастарының ұзақ жыл сапалы ауыз суға зәру болғанын, құдықтағы ащы суды тұтынып келгенін, кейбірі тіпті қаладан тасып ішкенін айтып, игілікті істің басы-қасында болған азаматтарға жерлестерінің  ризашылығын жеткізді.