20 Қыркүйек 2019
124

Оралда студенттер арасында Абай оқулары өтті

Бүгін Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай жоғары оқу орындары студенттері арасында облыстық Абай оқулары байқауы өтті.

 

 

Бұл шараға Орал қаласындағы жоғары оқу орындарынан 14 үміткер қатысты. Байқаудың алғашқы бөлімі Абай Құнанбайұлының қара сөздерін мәнерлеп жатқа оқу бойынша, екінші бөлімінде Абай Құнанбайұлының поэзиялық шығармаларын мәнерлеп жатқа оқу бойынша сайысқа түсті. Байқау қорытындысында өлең мен қара сөзді нақышына келтіріп, жатқа айтқан, мазмұнын терең түсініп, мәнін ашып, шығармада айтылар ойды әдемі жеткізгендігімен ерекшеленген М. Өтемісов атындағы БҚМУдың филология факультетінің 1-курс студенті Мамут Зафура байқаудың бас жүлдесін иеленді. Жүлделі бірінші орынмен жаратылыстану-география факультетінің 1-курс студенті Кадерова Айтоты марапатталды. Айтоты Абайдың 100-ге жуық өлеңін жатқа біледі екен, солардың арасынан кез-келгенін жатқа айтуға дайын болды. Абай өлеңдерімен шектелмей, «Ескендір» поэмасын да түгел жатқа білетіндігімен бір сүйсінтті. Екінші орынды тарих, құқық, экономика факультетінің 1-курс студенті Исмагулов Аслан иеленсе, байқаудың үшінші орыны Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 1-курс студенті Сағызбаеваға Айданаға бұйырды. Жеңімпаз жастар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

 

Бүгінгі шарада Махамбет университетінің жанынан Абай клубының тұсаукесері өтті. Клуб жыл бойы Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырумен, Абайдың шығармашылығын насихаттаумен айналысатын болады. Сонымен қатар апта бұрын басталған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және Жастар жылына орай өткізілетін «Тіл – халық қазынасы, рухани күретамыр» атты Қазақстан халықтары тілдері күні мерекесіне арналған апталық қорытындыланып, «Ана тілім – алдаспаным, айбарым!» атты жас ақындар байқауының жеңмпаздары да марапатталды