23 Қыркүйек 2019
32

Депутаттар денсаулық мәселесін қаузады

Бүгін облыстық мәслихаттың кезекті 29-сессиясы өтті. Сессияға облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысты.

 

Жиынның күн тәртібіне сәйкес алдымен «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының» өңірдегі орындалу барысы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали баяндама жасаса, осы мәселеге орай «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Нұржамал Жұмағұлова мен облыстық мәслихаттың әлеуметтікмәдени даму және білім мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Ляна Тұрсынова қосымша ақпарат берді. Депутаттар тарапынан ана мен бала денсаулығына, дәрігер мамандардың жетіспеушілігіне, жаңа құрылғыларды пайдалана білетін мамандарды шетелдерде тәжірибеден өткізуге қатысты, тағы да басқа сауалдар қойылды. Оларға баяндамашы жауап берді.

 

 

Облыстық мәслихаттың «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов облыстық бюджеттің нақтылануы төңірегінде бірқатар мәселелерге тоқталды. - Облыстық бюджеттің параметрлерін нақтылаудың негізі республикалық бюджеттен және ҚР ұлттық қорынан берілген трансферттер мен кредиттер және жергілікті бюджеттің түсімдерін түзету болып табылады. Облыстық бюджеттің жалпы сомасы 13,5 млрд. теңгені құрайды. Бюджеттің негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік сала. Инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен әлеуметтік салаға 3,5 млрд. теңге бағыттау жоспарланып отыр. Оның ішінде әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыруға екі млрд. теңге, білім беру саласына 1,4 млрд. теңге, мәдениет пен спорт саласына 52,6 млн. теңге және денсаулық сақтау саласына 70 млн. теңге бөлінбек. Ауыл шаруашылығын дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға 1,9 млрд. теңге қарастырылған. Оның 1,8 млрд. теңгесі Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры есебінен ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін несиелер беруге, өртке қарсы және орман шаруашылығындағы іс-шараларды жүргізуге, облыс аудандарының каналдарын қайта құруға бағытталып отыр, - деді басқарма басшысы.

 

Сондай-ақ Тілепберген Ерсайұлының айтуынша, тұрғын-үй құрылысына және инженерліккоммуникациялық инфрақұрылымға 5,3 млрд. теңге көзделген. Оның ішінде қаражаттар Орал қаласындағы көппәтерлі тұрғын үй құрылысын жалғастыруға және аяқтауға, сонымен қатар Ақжайық, Теректі аудандары мен Орал шаһарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту қарастырылған. Жалпы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына 401 млн. теңге бағытталған. Бұл қаражат Теректі, Ақжайық және Бөкей ордасы аудандарының төрт елді мекендерін сумен жабдықтау және Қазталов ауданының тоғыз ауылдық елді мекенін газбен жабдықтауға бағытталған. Бүгінде облыстағы аутомобиль жолдарын ағымдағы және күрделі жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде, аталған мақсаттарға 100 млн. теңге қарастырылған.  Енгізілген өзгерістер есебімен облыстық бюджет 186,2 млрд. теңгені құрайды. Сессияда сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2018 жылғы 7 желтоқсандағы «Шаруашылық жүргізу құқығындағы «Облыстық клиникалық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның асханасын жалға алып күрделі жөндеу өткізу және технологиялық жабдықтарды ауыстыру» мемлекеттікжекешелік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 19 шілдедегі №27-4 «Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу секілді мәселелер пысықталып, шешімдер қабылданды. Жиын соңында облыс әкімі Ғали Есқалиев депутаттардың сауалдарына жауап беріп, сессияны қорытындылады.