24 Қыркүйек 2019
91

«Отбасы» бизнес жобасы аясында 79 тұрғынға қайтарымсыз грант берілді

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау бойынша республикалық кеңестің мүшелерімен өткен жиында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев айтты.

– Өңірімізде 6 912 көп балалы отбасы бар. Аталған жанұяларда 28 253 бала тәрбиеленуде. Аз қамтылған отбасылар саны – 10 714, ондағы балалар саны 31 068. Биыл 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта көрсетілуде. Бүгінгі күнге дейін 10 714 отбасыдағы 53 406 адам, соның ішінде 31 068 балаға 3,7 млрд. теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар әлеуметтік жағынан осал және аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғауға биыл жергілікті бюджеттен 10,7 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға 4,6 млрд. теңге қарастырылған. Мүгедектерді әлеуметтік қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі жандар санатында 24 133 адам болса, оның 2 654-і – балалар. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы мүшелері мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кәсіпкерлікке тарту, әлеуметтік жағдайын қалыпқа келтіру мақсатында облыс бойынша «Отбасы» бизнес жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 2 500 адамға кеңес беріліп, 300 адам кәсіпкерлік негізіне оқытылды және 79 адамға қайтарымсыз грант берілді. Грант иеленгендер қатарында 34 аз қамтылған, 30 көп балалы отбасы, 15 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Несие алған 36 адамның 8-і аз қамтылған, 16-сы көп балалы отбасы, 12-сі мүмкіндігі шектеулі жандар санатынан. Айта кетерлігі, біздің облысқа мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы керек. Жыл сайын 1870 бала оңалту курсынан өтуі тиіс, ал облыстық көпбейінді балалар ауруханасында аталмыш мақсатта 20 төсек, оның 15-і неврологиялық, бесеуі ортопедиялық сырқатқа шалдыққан балаларға қарастырылған. Бұл орындар өте аздық етеді, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаев.