24 Қыркүйек 2019
27

Балаларды қолдау орталығында 116 балаға көмек көрсетілді

«Nur Otan» партиясы жанынан құрылған балалар құқығын қорғау бойынша республикалық бақылау тобы Оралдағы «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына» барды.

Аталмыш орталық директоры Талғат Төлеуішов кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерді бейімдеу орталығы мен балалар үйін біріктіру нәтижесінде пайда болған орталық штатында 52 қызметкер бар екендігін, жыл басынан бері орталықтың сан қилы жағдайға тап болған 116 балаға тиісті көмек көрсеткендігін айтып өтті. «Біздің орталыққа балалар түрлі жағдайға тап болып, ең көп дегенде алты ай шамасында біздің қарауымызда болады. Көбінесе ата-анасынан аяқасты айырылған, әке-шешесі ата-аналық құқығынан айрылған немесе олар міндеттеріне салғырт қарауы салдарынан мәселелерін қамқоршылық құрылымдар қарастырып жатқан сәтте балалары орталыққа уақытша орналастырылады. Кейінгі тағдырлары нақтыланғаннан кейін олар тума-туыстарының немесе мемлекеттің қамқорлығына тапсырылады. Орталық жанында отбасын қолдау қызметі жұмыс жасайды. Мұндағы әлеуметтік педагогтің басты міндеті – жанжақты қолдау көрсету арқылы шайқалған шаңырақты қалпына келтіруге, баланың туған отбасына оралуына септесу. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимарат ішіне 26 бейнекамера орнатылған, алдағы жылдан бастап ғимарат аумағына бақылау камераларын орнатып, мамандандырылған күзет қызметіне жүгінуді жоспарлаудамыз», – дейді Талғат Нұғманұлы. Орталық жанындағы отбасын қолдау орталығының әлеуметтік педагогі Гүлайым Қуанышқызы орталыққа тап болған балалардың ата-аналарын жұмысқа орналастыру, құжаттарын реттестіру, заңгерлік және психологиялық көмек түрлері көрсетілетіндігін айтты. Өткен жылдың наурыз айынан бастап мекеме қайта құрылып, іске кіріскен сәтте орталықта 40 бала болса, олардың 38-і балалар үйінің тәрбиеленушілері еді. Сол 38 баланың 20-сы отбасына орналастырылып, екі ата-ананың құқығын қалпына келтіруде көмек көрсетілген. Туған үйіне оралған немесе жаңа отбасыға орналастырылған балалардың жағдайын жарты жылда бір рет тексеріп отырады. Республикалық жұмыс тобының мүшелері орталықтың материалдық-техникалық базасына, ғимараттың жайлылығы мен балалар үшін қолайлылығына оң бағасын берді.