24 Қыркүйек 2019
61

БҚО-ның киелі жерлерін араладық (СУРЕТ)

Кешегі апта бір топ әлеуметтік желі белсенділері Батыс Қазақстандағы киелі жерлерді аралап келдік. Облыстық ішкі саясат басқармасы бастамасымен «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырған блогтурда елге танымал блогерлер Тимур Бектұр мен Яков Федоров та бірге жүрді.

 

Батыс Қазақстанда 47 киелі нысан бар. Оның жетеуі республикалық киелі нысандар тізіміне енген. Төрт күнде өңірдің төрт ауданындағы қасиетті орындарды көрдік. Тур Теректі ауданы Долин ауылындағы Тақсай ханшайымы кесенесінен басталды.

 

Теректідегі Тақсай  ханшайымы кесенесі

 

 

Биіктігі – 7, ені – 4 метр кесене дала төсінде аппақ айдай жарқырап мен мұндалап тұр. Бұл – Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына енген нысанның бірі. 2012 жылы Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологтары дәл осы жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Кездейсоқ табылған жәдігер орындары зерттеліп, бұл жерде 4 оба кешені бар екені анықталды. Осылайша «Тақсай оба кешені» деген атауға ие болып, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген.

 

 

Тақсай ханшайымының жасы 28-де. Оның қасынан сырға, сақина, алқа секілді 500-ге жуық алтын әшекей табылған. Үстіндегі көйлегі мен жамылғысы да алтын жіппен тігілген. Алтын ханшайыммен бірге екі күзетшінің жерленуі оның мәртебесі жоғары болғандығын көрсетеді. Сармат дәуірінен жеткен жәдігердің түпнұсқасы Ұлттық музейде сақтаулы. Тақсай ханшайымының кесенесіне тамсанған соң Шыңғырлауға жол тарттық.

 

Торыатбасы туралы білесіз бе?

 

Шыңғырлауда желмая мініп, жерұйық іздеген Асан Қайғыға арналған «Дала аңызы» атты ескерткішті көрдік. Ұлы дала философы атанған Асан қайғы Шыңғырлауды көргенде: «Ай Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау сен өсірдің!» - деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап-қунап кетейік»,- деген екен. Шыңғырлаулықтардың Асан Қайғыны жақын тартуының бір себебі осы. Ал «Қарғабойлы Қазтуған» жырында: Асан Қайғы көшкен жер Шыңғырлау, Торыатбасы еді, Қыземшекті Сарышоқы Осы судың қасы еді. Асан Қайғы туғанның Бөлінген жері осы еді...» - делінген. Жырдағы айтылған жер атаулары бәрі де осы ауданда. Әлі күнге тарихи атауын жоғалтпағаны қуантты.

 

 

Жырдың үзіндісінде аты аталатын Торыатбасы тауына да келдік. Жергілікті тұрғын Қаршыға Елемесовтың айтуынша, дәл біздің аяқ басқан жерді Хвалын теңізі басып жатқан. Теңіз тартылып қазіргі Каспийдегі орны қалған. Бұл теңіз астынан қалған әктастар мен шөгінділерден түзілген тау. Биіктігі – 211 метр. Аса биік көрінбегенмен шыңына шығу оңай емес. Тау туралы талай аңыз бар. Мысалы біреуін назарға ұсынамыз.

 

 

Торыатбас тауы туралы аңыз Ертеректе байлығы мен даңқы қатар шалқыған Еділ мен Жайық атты қос бай өмір сүріпті. Олардың отаротар қойы, сансыз есебі жоқ жылқысы болыпты. Үлкен өзеннің екі жағын жағалай малдары жайылады екен. Өзеннің оң жағы Еділ байдың, сол жағы Жайық байдың жайылымы болса керек. Қос байдың мырзалығының арқасында қасындағы ауыл халқы молшылықта өмір сүріп, жайма шуақ күндер кешіпті.

 

Күнде сауық, күнде той, халқы да риза, байларда риза осылай күндер өтіп жатыпты. Күндердің бір күні қос байдың жұбайлары бір мезгілде жүкті болыпты. Қуанған байлар «Егер екеумізде де ұл болса, бір-біріміздің балдарымызға кіндік әке боламыз, ал бірімізде ұл, бірімізде қыз болса, мыңжылдық құда боламыз» деп сөз байласқан. Армандары орындалып, күздің бір мейзам шуақ күнінде Еділдің бәйбішесі шекесі торсықтай ұл босанып, Жайықтың бәйбішесі сүп-сүйкімді қызды дүниеге әкеліпті.

 

 

Уәдеге берік қос бай қазақы дәстүрмен қос нәрестені атастырып төс қағыстырған. Күн артынан күн, жыл артынан жыл өтті. Қос нәресте бақытты балалық шақ өткізді. Екеуі де алаңсыз ойнап, көк майса шөптің үстінде асыр салады екен. Бозбала мен бойжеткен шақтарына жеткенде, бойжеткеннің аппақ ақ шағаладай тұлпары, бозбаланың тұрқы құрыштан құйғандай торы тұлпары болған дейді. Бойжеткен беті ақша қардай, көзі мөлдіреген еліктің лағындай сұлу болып өскен. Қыздың сұлулығына ай сәулесі де қызыға ұрлана қарайды екен. Сұлудың көркі ауыздан-ауызға ілігіп, елдің бәрі бір көруге құмартыпты. Еділ байдың Жайық

қызына құда жіберу күні де таяп қалды. Бір күні қыздың сұлулығына сырттай құмартқан басқа рудың жігіті Жайық ауылына қызға құда түсу үшін елші жібереді. Құданы қабылдамай, сөзін тыңдамау қазақы салтқа жат нәрсе. Келген елші құдалардың сөзінен кейін Жайық өзінің шартын қояды. Шартында үлкен жарыс ұйымдастыратынын және кім бірінші болып келсе, сол кісіге қызын беретіндігін мәлімдейді. Өйткені Жайық бай Еділ байдың ұлының торы тұлпары алдына қара салмайтынын білетін және соған сенімді еді. Еділдің ұлы торы тұлпарды күні-түні жаратып, ауыл шетінен бөлек отау тіккізіп, сол жерде баптайды. Кеш болса тұлпарды отауға кіргізіп, басын таң асыртып, бір жағына су құйған, бір жағына сүт құйған астау қойғызады. Жігіттің торы тұлпарының жүйрік екенін естіген қарсы жақтың жігіті қастық ойлағысы келіп, диуаналығымен аты шыққан бір кәрі мыстанды атты көріп келуге жібереді. Мыстан келіп, киіз үйдін жапсарын ашып қараса, торы тұлпар бір қанатын суға, бір қанатын сүтке салып, жайбарақат жусап тұр екен дейді.

Кәрі мыстан таң қалғаннан шегінін тартқан мезгілде торы тұлпар үркіп селк ете түседі. Бәйге болатын күн де келді. Жайықтың шартын естіген қыздан дәмелі жігіттер ел-елден өз жүйріктерін әкеліп бәйгеге салады. Мәре сызығында тұрған Жайықтың қызы қолындағы ақ орамалын төмен түсірген мезгілде, бес жүз тұлпар қиқулап, жердің төсін дүркіретіп шаба жөнелді. Мәреден шыға сала, торы тұлпар желдей жүйткіп, керіле шауып қара үзіп кетеді.Торы тұлпар қос қанатын жайып құдды бір қалқып келе жатқандай әсер береді. Жолдың жарым бөлігін өткен мезгілде,Торы тұлпардың тынысы тарылып, көзі қарауыта бастайды, кәрі мыстанның көзі өткір екен, ат тұяғы сүрініп,  торы тұлпар шыңғырып барып мұрттай ұшады. Терең тыныстап, екі көзі мөлдіреп жасқа толған күйі, соңғы рет бір ышқынып барып көз жұмады. Атының басын құшақтай егіл-тегіл жылаған жігіт тұлпарымен соңғы рет қоштасып, үлкен таудың баурайына әкеліп жерлепті. Осыдан Торыатбас тауы пайда болған екен деседі білетіндер. Торы тұлпардан айырылған жігіт құсадан бас көтерместен бақилық болады. Қалың ел қабырғасы қайысып, қара жамылып, көз жастары көлдей ағады. Жас жігітті ел болып арулап, ер-тұрманы, қару-жарағымен бірге қимастықпен қара жер қойнына тапсырады. Жігіттің қару-жарағымен көмілген жері ел аузында Қылыштау деп аталып кетіпті. Ғашығының жер қойнауына тапсырылғанын естіген ару қыз басындағы ақ орамалын желге ұшырып жіберіп көз жасы ағыл-тегіл бұла болып, жазық даламен ғашығының басына асыға жүгіреді. Қыздың жан ұшыра жүгіргенінен әшекей, сырғалары біртіндеп кең далада шашылып қала береді. Арудың өкпесі өшіп, талықсып барып құлаған жерін халық «Қыземшек тауы» деп атап кетіпті. Міне, көнеден жеткен аңыздың желісі осындай.

 

Тұңғыштар мекені

Турдың екінші күні тұңғыштар мекені атанған Бөкей ордасы ауданына жолға шықтық. Ондағы мақсатымыз Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан салдырған хан сарайын, Жасқұс құмындағы қарағайлы орманды көру еді. «Тұңғыш» деп айтудың да себебі көп.

 

Күн бата Жәңгір хан, күйші Дәулеткерей, этнограф, ғалым Мұхамед-Салық Бабажанұлының кесенесі тұрғызылған жерге де жеттік, құран бағыштадық. Кесенелер қасында 500-ге жуық құлыптас бар екен. Жәңгір хан мен үшінші әйелі Фатима ханша бірге жерленген кесене күмбезіне қос қарлығаш ұя салыпты. Мұны да бір жақсылыққа баладық. Тағы үш шақырым. Ендігі аялдама – Хан Ордасы. Ауылға да жетіп, жастармен жүздесіп бірер сәт шүйіркелестік. Ауылға кіргеннен-ақ ХІХ ғасырға аяқ басқандай сезімде боласыз. Міне асыға күткен сәт. Екі ғасырға жуық тарихты бойына сіңірген Жәңгір хан резиденциясын көрмекпіз. Хан сарайы тұрған жер қазір Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық этнографиялық музей-қорығы атауына ие.

Ірге тасы 1828 жылы тұрғызылған 24 бөлмелі, екі қабатты Хан ордасын 8 пешпен жылытқан. Жәңгір хан мен талай қазақ сұлтандары, батырлары, зиялылары табаны тиген жермен жүріп ерекше әсер бөленесіз. Ойлап көріңізші! Бір кездері олар да сарайдағы дәлізде жүрді. Баспалдағын басты. Екінші қабаттағы балконға шығып дала табиғатына тамсанды. Ел болашағы үшін жоспар құрды...

 

 

Қорықта Хан сарайынан бөлек, ХІХ ғасырда салынған дәрігер А.Сергачев тұрған үй, 1835 жылы еуропалық стильде бой көтерген мешіт жобасы негізінде қайта салынған мешіт, 1867 жылы ашылған «Казначейство», 1868 жылғы Тарғын мектебі, 1883 жылғы қыздар училищесі, 1852 жылы ашылған аурухана ғимараты, Хан бағы мен Жәңгір хан қаздырған екі құдық бар.

 

Бүгінде дәрігер А.Сергачев тұрған үй Жәңгір ханның немересі, қазақтың тұңғыш фотографы - Шәңгерей Бөкеев атындағы музейге айналған

Қазақ баспасөзінің тарихы да Хан ордасымен тікелей байланысты. 1911 жылы Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйриндер «Қазақстан» газетін шығарса, 1917 жылы Ғабдолғазиз Мұсағалиев бастаған Бөкей ордадағы зиялылар «Ұран» газетін шығарды. Саясаткер, реформатор Жәңгір хан ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін екі үлкен құдық қаздырған. Ол сол кезде-ақ қуаң жерлерді суландыру үшін бөгет пен артезиан құдықтарының жүйесін салдыруды мақсат еткен. Демек инфрақұрылымды осыдан екі ғасыр бұрын жасап кетті. Осы мәселе жөнінде мемлекеттік мүлік министрімен байланыс орнатқан. Министрлік ханды қолдап, жүзеге асыруға керекті құрал-жабдықты Парижден тапсырыспен алдырыпты. Бұл жұмысты жүргізуге Дерпт университетінің түлегін арнайы шақыртқан екен.

 

 

Маусымда ғана құдық орны Хан Ордасының картасына сәйкес, сол орыннан қазылып, реконструкция жасалды. Құдық суының құрамындағы Менделеев кестесіндегі 97 элементке зерттеу жүргізілген. Адам ағзасына зияны жоқ. Құдықтағы 50 литр судан 1 грамм күміс алуға болады. Құдықтағы судың дәмін тату да бұйырд

 

Ордадағы сапар 16 мың гектарды алып жатқан құмдағы қарағайлы орманды көрумен аяқталды. Жәңгір хан орман шаруашылығы ісіне де аса мән бергенін анық байқадық.