25 Қыркүйек 2019
43

Партия пәрменділігін арттыру – басты міндет

Бөкей ордасы ауданына «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының бірінші төрағасы Мұрат Мұқаев келді. Аудандық «Нұр Отан» партиясының мүшелері, мемлекеттік қызметкерлер мен мекеме қызметкерлері, мектеп мұғалімдері және жастардың қатысуымен актив жиыны өтті.

 

Аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Нұрлан Рахымжанов қош келдіңіз айтып, аудан ахуалынан аз-кем хабар берді. Мұрат Мұқаев ядролық электоратты шоғырландыру, рөлін арттыру, партия мүшелерінің жауапкершілігін күшейту, партия фракцияларының жұмысын жандандыру сияқты бірқатар мәселелерге тоқталды. – Бұл – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Шыны керек, партия мүшелерінің саны көп. Осы мақсатты сапаға басымдық беріп, тазарту ісі қолға алынды. Істі болған, теріс қылығымен көзге түскен азаматтар партия қатарынан шығарылады. Республика бойынша «Нұр Отан» партиясының миллионнан астам мүшесі болса, облыстағы партия мүшелерінің саны 35 мың. Осы отыз бес мыңның бес мыңы тазарту науқанына ілігіп, партия қатарынан шығарылды,-деді М.Мұқаев. Қазіргі қоғамда арзан популизмнің алға шығып кеткені, депутат мәртебесінен гөрі блогер мәртебесі басымдығы да айтылды. Солтүстік бастауыш партия ұйымының төрағасы Қуаныш Елемесов жарна жинау мен жарна мөлшерін қаралса, Сталинград майданына жақын тыл болған, соғыс оты шарпыған ауданымызға жауынгерлік даңқ берілсе деген ұсынысын айтты. Т.Жароков сайлау учаскесінің депутаты Бибігүл Бектелеуова жас мамандарды ауылдық жерлерге тұрақтандыру мәселесін көтерсе, жас ұстаз Фархад Мұқатов «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігі тек санаулы мамандық иелеріне емес, ауылға ат басын бұрған әрбір маманға тиесілі болса екен деген ұсынысын айтты

 

Актив жиынынан соң Мұрат Мұқаев М.Мәметова атындағы мектеп жанындағы интернатты аралап, ауыл шетінен бой көтерген жаңа тұрғын үй құрылысымен танысты. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында ауыл тұрғындарын жекелеген мәселелері бойынша жабық есік жағдайында қабылдау өткізді.