30 Қыркүйек 2019
228

БҚО-да жердің пайдаланылуы ғарыштық түсірілімдермен тексерілмек

Батыс Қазақстан облысында бір кездері егіс алқаптарының аумағы 1,5 млн гектардан асса, бүгінде бұл көрсеткіш үш есе құлдыраған, деп хабарлайды «Хабар 24». Жиі қайталанған қуаңшылықпен қоса, ауылшаруашылық жерлерінің пайдаланылмауы да егін шаруашылығының шатқаяқтауына әсер етіп отыр. 2012 жылдан бері өңірде 1 миллион 566 мың гектар бос жатқан жер анықталса, соның 72%-і мемлекет меншігіне қайтарылыпты.

 

 

Теректілік Мерболат Жанғалиев шаруа қожалығын 1998 жылы құрыпты. Бүгінде 2500 гектар жерге егін салады. Дәнді дақылдарға қоса, мал азығын да егеді. Қазір жиын-терімді аяқтап, қамбаны толтырған. Алайда, алаңдайтыны – айналада бос жерлердің көптігі. Қараусыз алқаптардан түрлі арамшөп тұқымдары оның егістігіне ұшып түседі екен.

 

Мерболат Жанғалиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

 

- Маған жетеді 2500 гектар. Бірақ ақшасы, техникасы бар жігіттер көбейткісі келсе, жер ала алмайды. Анда барса, қожайыны бар, басқа жерге барса, тағы да қожайыны бар.  Жер бос жатпау керек қой, содан салық төленеді. Содан өнім көбейеді, өнімділік көбейеді, облыста нанның бағасы да тұрақты болады. 2012 жылдан бері өңірде 1,5 миллион гектардай бос жер анықталған. Соның 72%-і мемлекет меншігіне қайтарылып, 727 мың гектары қайта айналымға енгізілген. Ал 400 мың гектар жерді иелері игере бастапты. Қалғаны сотта қаралуда. Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану жайы өңір басшысының шаруалармен кездесуінде талқыланды.

 

Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысы әкімі:

 

- Өткен ғасырдың 80 жылдары біздің егістік жерлеріміз жалпы ауданы 1 млн жарым гектар болса, қазір жарты млн ғана. Сондықтан қазір дұрыс пайдаланылмай жатқан жер телімдерін анықтаймыз. Кеше тапсырма бердік. Егер осындай кісілер мемлекет меншікке немесе өздері пайдаланбаса, олардың фамилиясын жариялаймыз, мүмкіндік бар. Жерді істейміз деген кісілерге беруіміз керек. Жерді қайтаруда кездесетін қиындықтың бірі – оның бос жатқанын дәлелдеу. Көбінесе иелері түрлі айла-шарғыға барып, жерді жылына бір айналдыра жыртып қойып, сотта жеңіп шығады екен. Ондай болмас үшін енді жердің пайдаланылуы ғарыштық түсірілімдермен тексерілмек.

 

Жұматай Ашықбаев, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

 

- Спутник арқылы қарайтын мүмкіндік жасап жатырмыз. Геопортал құрып жатырмыз. Осы геопортал арқылы ауылшаруашылық жерлер, қай жер пайдаланылып жатыр, қай жер пайдаланылмай жатыр, соны қарайтын ғарыштық түсірілімдер арқылы дәлелдейтін болады. Арнайы ақпараттық геопорталды жылдың соңына дейін іске қосу көзделген. Осы арқылы жер телімдерін берудің ашықтығы қамтамасыз етілмек. Әрі жер қатынастары саласындағы түрлі қызметті тұрғындар үйден шықпай ала алады.