30 Қыркүйек 2019
103

БҚО әкімі ҰОС ардагерлерін құттықтады

Қыркүйек айының соңында Орал қаласында өңіріміздегі үш бірдей Ұлы Отан соғысы ардагерінің туған күні аталып өтті. Ең егде жастағы ардагер Семен Данилин 105 жасқа толса, Хамза Сафин мен Рафхат Галимуллин үшін де айтулы мереке болды. Халық батырларының әрқайсысын Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев және Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков арнайы құттықтады. 

 

 

22 қыркүйек күні облыс әкімі оралдық ҰОС ардагері Хамза Әбдірахманұлы Сафинді 94 жасқа толуымен құттықтады.

 

Хамза Сафин 1942 жылдың желтоқсанында жаяу әскер училищесінің курсанты атанып, сол жақтан Оңтүстік-Батыс майданға аттанады. Кейін екінші Балтық маңы және үшінші Белорусь майдандарында жаумен шайқасты.

 

– Үш рет жарақат алып, Ұлы Жеңіс күнін Берлин маңындағы госпитальде қарсы алдым. Осы жасқа жетіп, бейбіт тірліктің куәсі болғаным үшін бақыттымын және мені естен шығармай, құрметтеп келе жатқан жандарға алғысым шексіз, – дейді ардагер.

 

Ұлы Отан соғысына қатысқаны және соғыстан кейінгі жемісті еңбегі үшін Хамза Сафин І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен және көптеген басқа да наградалармен марапатталған.

 

 

25 қыркүйек күні ҰОС ардагері Рафхат Галимуллинович Галимуллин 98 жасқа толды.

 

1944 жылдың жазында Рафхат Галимуллинович Польшаны, Белоруссияны және Балтық маңы елдерінің бір бөлігін жаудан азат еткен  «Багратион» операциясына қатысқан.

 

– 45-ші жылдың Жеңіс сыйлаған мамырын немістің Левенберг қаласында қарсыладым. Сол күні соғыста жеңіске жеткен барлық сарбазбен бірге би билеп, отшашу атып, шат-шадыман күйге бөлендік, – деп еске алады Рафхат Галимуллин.  

 

30 қыркүйек күні Ғали Есқалиев Орал өңіріндегі ең жасамыс Ұлы Отан соғысының және ҚР ІІМ ішкі әскерінің ардагері, доғарыстағы полковник Семен Акимович Данилинді мерейлі 105 жасқа толуымен құттықтады.

 

Ардагер тұрып жатқан үйдің кіреберісінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының №5517 әскери бөлімінің әскери оркестрі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әндерді әуелетті.

 

Ардагерді ІІҚ және Ұлттық ұлан Генералдар кеңесінің төрағасы, доғарыстағы полиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Әлібек Серәлиев, БҚО полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Махсұдхан Аблазимов құттықтады. Ардагерге сондай-ақ «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атынан құттықтау арналды.

 

Әскери жолды Семен Данилин 1942 жылы Брянск әскери-саяси училищесінің курсанты ретінде бастап, 65-ші Қызыл әскердің 143-ші Қызыл ту орденді Днепропетровск минометшілер полкі батальоны жетекшісінің саяси сала бойынша орынбасарына дейін жалғастырады.  Семен Акимович Ұлы Отан соғысы бойы жаяу жүріп, Батыс Украина, Венгрия, Чехословакия, Польша қалаларын жаудан азат етіп, Жеңіс күнін Кенигсбергте қарсылайды. Курск доғасындағы шайқаста да қатысқан. Жараланып, контузия алған.

 

«Қызыл жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Әскери қызметі үшін», І және ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, І және ІІ дәрежелі «Қайсар», «ҚР ІІМ құрметті ардагері», «ҚР ІІМ Ішкі әскерлеріне 20 жыл», ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің І және ІІ дәрежелі «Қайсар» төсбелгілерімен марапатталған.

 

Құттықтау барысында облыс әкімі барлық ардагердің Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарын абыройлы артта қалдырғандығын атап өтті.

 

– Ардагерлеріміздің батырлық ерлігі және рухының мықтылығының арқасында біз бүгін бейбіт өмір кешіп, болашаққа сеніммен қарап келеміз. Біздің батырларымыз – Отанға деген шексіз махаббаттың айнымас үлгісі, – деді өңір басшысы құттықтау тілегінде.  

 

Ардагерлермен кездесу барысында «День победы», «Три танкиста», «Катюша» және әскери жылдардың ұранына айналған көптеген әуен шырқалды.

 

Ғали Есқалиев туған күн иелеріне зор денсаулық, рухани мықтылық тілеп, алдағы жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығын бірге тойлауға ұсыныс білдірді.

 

Ардагерлер шақыртуды қабыл алып, бейбіт күннің аспанын бұлт торламауын, барша қазақстандықтың бақытты да бақуатты ғұмыр кешуін тіледі. 

 

Атап өтерлігі, БҚО-да қазіргі таңда 75 Ұлы Отан соғысының ардагері болса, олардың 58-і Орал қаласында тұрады.