02 Қазан 2019
159

БҚО әкімі жаңа тұрғын үй кілтін табыстады

Бүгін Орал қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген 216 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үй әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар санатына табысталды. Баспаналы болып, бақытқа бөленген жандарға облыс әкімі – «Nur Otаn» партиясы БҚОФ-ның төрағасы Ғали Есқалиев кілт табыстап, ізгі лебізін білдірді.

 

Тәуелсіздік алған жылдан бастап біздің елімізде азаматтардың барлық санатын лайықты жағдайлармен қамтамасыз ету бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып келеді. 


Елбасы және еліміздің Президенті халықтың өмір сапасын арттыруға айрықша мән береді. 


Бүгін Орал қаласында айтулы оқиға болып, тоғыз қабатты тұрғын үй халық қолданысына берілді. Зашаған кентіндегі жалпы құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын аталмыш үй құрылысының мерзімі 11 айға жетер-жетпес уақытты құрады. 


Салтанатты ашылу шарасында облыс әкімі жаңа баспана иелеріне жүрекжарды тілегін жеткізді. 


– Әр отбасының өмір бойы есте сақтайтын бақытты сәттері болады. Мәселен, жас сәбидің дүниеге келуі, алғаш мектеп табалдырығын аттауы және жас шаңырақтың бой көтеруі. Бүгін де біздің облысымыздағы 216 отбасы үшін дәл осындай бақытты сәттердің бірі.


Бұл заманауи үйдегі 216 пәтердің 72-сінде көп балалы отбасылар тұратын болса, 29 пәтер ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар санатына арналған. Ал басқа пәтерлерді тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылғандар санатындағы азаматтар иеленбек. 


Сіздерді шын жүректен құттықтап, шаңырақтарыңызға шаттық толып, ырыс-береке орнауын тілеймін! – деді облыс әкімі.
Ғали Есқалиев сондай-ақ құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы жүргізген мердігер компания – «Альтаир» ЖШС ұжымына алғысын білдірді.


Одан соң баспаналы болу бақыты бұйырған жандарға кілттер табысталды. Сонымен қатар облыс әкімі пәтерлерді аралап, жаңа үй туралы тұрғындардың ой-пікірлеріне құлақ түрді. 


Балқия Медетованың қызы – Бақытнұр бала күнінен мүмкіндігі шектеулілер санатында. Ол тұрғын үй кезегінде 16 жылдан астам уақыт тұрған. Бүгін Медетовтер әулетінің жаңа, жайлы үй иелену туралы арманы орындалды.


– Өзім үш баланың анасымын. Біз көп жыл бойы пәтер жалдап келдік, оның ақысын төлеу біраз қиындық келтіретін. Соңғы кезде «Автопарк» ауданындағы жатақханада тұрдық. Бұл күнді ешқашан ұмытпаспыз, шексіз қуанып тұрмыз. Енді жаңа, сапалы және жайлы үйде тұратын болдық. Арманымызды жүзеге асыруға көмектескен Елбасыға және еліміздің Президентіне, облыс басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді жаңа пәтер кілтін иеленген Балқия Медетова.


Жалпы, өңіріміз бойынша ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3036 пәтердің, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 17 нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа 16 млрд. теңге бөлінген.