03 Қазан 2019
172

«Эко-сағат» басталды

Бүгін еліміздегі барлық мектептерде «Эко-сағат» республикалық акциясы бастау алған еді. Соған орай Орал қаласының  №42 мектеп-гимназиясында экологиялық сағат ұйымдастырылып, оған облыс әкімі Ғали Есқалиев арнайы қатысты.

 

Жиында сөз алған өңір басшысы аталмыш акцияның экологиялық ахуалды жақсартуда, аймақтарды аббаттандыруда  игілігінің зор екенін атап өтті.

 

- Жыл сайын күз және көктем айларында «Тұрақты даму» Жер қорының бастамасымен «Бүкіл қазақстандық орман отырғызу күні» экологиялық акциясы ұйымдастырылып келеді. Көптеген облыстарда, сондай-ақ қалалар мен елді мекендерде ағаш отырғызу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

 

Ресми сарапшылардың пікірі мен зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, Орал қаласы -  еліміздегі ауа ластануы бойынша ең төменгі көрсеткішке ие шаһар. Яғни республика бойынша ең таза қалалардың көшбасында тұр. Батыс Қазақстан облысының аумағы 151 339 шаршы  шақырымды құраса, орман аумағы 89418 гектар. Ал мемлекеттік орман алқабы  216 851 гектарды құрайды. Жылдан-жылға игі бастаманы қолдайтын тұрғындардың қатары көбейіп келеді. Акция аясында өңірдегі жалпы білім беретін 311 мектептің жоғары сынып оқушылары 10 мыңға жуық тал-терек отырғызбақ. Акция табиғи ресурстарды, яғни суға ұқыптылықпен қарауды, ауа мен жерді ластанудан сақтауға бағытталған.

 

Жасыл желектің саны көбейген сайын табиғатымыз да жаңарып, ауаға қорек болары сөзсіз. Жасыл желектерді көркейту мақсатындағы шараға қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын, – деді облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.

       

Акция аталмыш мектеп-гимназиясының «Дарындылар» аллеясына көшет егу  сәтімен жалғасты.  

 

Болашақта эко-сағат мектептерде бекітілген жоспар бойынша тоқсан сайын ұйымдастырылмақ.