04 Қазан 2019
285

Ұлағатты ұстаздар ұлықталған күн

 

Мамандық атаулының  төресі – ұстаздық. Бүгін  мұғалімдердің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара «Ұстазға бас иемін» атауымен Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға өңірдегі білім беру саласының үздіктері мен ардагер-ұстаздар қатысты. 

 

-«Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деген қастерлі өлең жолдарын жатқа білмейтін жан кемде-кем шығар. Тарыдай болып келген бүлдіршіндерді таудай етіп  шығаратын ұлағатты ұстаздарымыз. Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толағай табыс тілеймін. Шәкірттеріңіз терең білімді, озық ойлы болсын,- деді ұзтаздар қауымын құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.

 

 Облысымыздың білім беру салаларында 19503 ұстаз қызмет етіп, 106535 оқушы білім алуда. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жұмыс жасап жүрген 11 мыңнан астам мұғалімге қосымша 30%  үстем ақы төленуде. Жалпы білім беретін және арнайы мектептерінің 7029 педагогикалық қызметкері  аттестаттаудың жаңа моделі бойынша 30-50% аралығында үстеме ақы алуда.

 

Салтанатты шара барысында бірқатар ұстаздарға Алғыс хаттар мен төсбелгілер табысталды. Айта кетсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен Орал қаласындағы №35 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Зинаида Сухина мен Бөрлі ауданындағы Ақсай қаласының №3 ЖОББМ-да қызмет ететін физика пәнінің мұғалімі Сандуғаш Күлекеш марапатталса, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы  №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ағерке Байжиенова мен Жаңақала ауданының орталығындағы ЖОББМ-ның тарих пәнінің мұғалімі Саид Әлиев ие болды. Сондай-ақ жиында бірқатар білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарларына түрлі аталымдар табысталды. «Табысты менеджер» аталымы Орал шаһарындағы №42 «Ақниет» гимназиясының директоры Ерік Темірғалиевке, Ақжайық ауданының О.Исаев атындағы ЖОББМ директоры Нұрлан Есболатовқа, Қазталов ауданының Қараөзен мектеп-лицейінің директоры Мәншүк Жексеноваға, Шыңғырлау ауданының Л. Қылышев атындағы Шилі ЖОББМ директоры Гүлнар Бисенғалиеваға және Қаратөбе аудандық Қаратөбе колледжінің директоры Мәулен Салахаденге берілді. Ал директорлардың орынбасарларына арналған «Даралықты дәріптеуші» аталымы Гүлбарам Ахметқалиеваға (Сырым ауданы), Марина Чевеловаға (Бәйтерек ауданы), Зайдагүл Оразбековаға (Бөрлі ауданы), Жайнагүл Жұмабаеваға (Қаратөбе), Жалғас Жоламановқа (Сырым ауданы)  бұйырды. Әулеттің педагогикалық еңбек өтілі 187 жыл құрайтын жаңақалалық Саркеновтар жанұясы «Ұстаздар ұстаханасы»  аталымына ие болды. Бұдан өзге бастауыш сынып мұғалімдері «Зерделі ұстаз» аталымымен, мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері «Бала бағбаны» әдістемелік кабинет меңгерушілері «Ізгі істі ілгерілетуші» аталымымен марапатталды.    

   

Ұрпақ қамын ойлап, ұлт мерейін асырған ұстаз – ұққан адам үшін мәртебелі маман. Табиғаттың қоңыр күзінде көңілге қуаныш сыйлап, әдемі теңеумен тілектер айтылған шара өңір өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты.