04 Қазан 2019
115

Ақжайықта инвестициялық жобалар жүзеге аспақ

 

Бүгін облыс әкімдігінде инвестициялық ахуалды жақсарту тақырыбында кеңес отырысы өтті. Өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жиында Орал қаласында салынатын бизнес орталық пен төрт жұлдызды қонақүйдің жобасы мақұлданды.

 

           Басқосуда сөз болғандай, биыл Кеңестің екі отырысы өтіп, онда 31,8 млрд. теңге мен 357 жұмыс орны құрылатын алты жоба мақұлданған. Жиында облыстық Кәсіпкерлікті басқару және индустриалды инновациялық даму басқарма басшысының міндетін атқарушы Мақсат Құланбаев алдыңғы кеңес отырысында мақұлданған жобалардың іске асуы жайында баяндады.

 

 -  Бүгінде 18 жобаның біреуі іске асса, 14-і жүзеге асу барысында, ал үшеуі белгілі себептермен орындалмады. Биыл "Орал қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі" жобасының бірінші сатысы орындала бастады. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені іске қосылды. Жобаға 400 млн. теңге қаржы бөлінді.  2021 жылға жоспарланған  екінші сатысында шикізатты қайта өңдеу жүзеге аспақ. Жобаның жалпы құны 1,7 млрд. теңге. Аталмыш жоба жүзеге асса, 40 жұмыс орны құрылады,- деді М. Құланбаев.

 

Сондай-ақ жүзеге асу барысындағы 14 жобаның ішінде Бөрлі ауданындагы асфальт бетон зауыты (ТОО " Адал Арна Алматы" ), Новенький  ауылындағы қияр өсіру жылыжай кешенінің құрылысы, Орал қаласындағы халықаралық стандартқа сәйкес заманауи қонақүй және Бәйтерек ауданының Янайкин ауылындағы 500 гектар жерге салынатын жемшөп базасы, заманауи ойын-сауық кешені, Қаратөбе ауданынан бес мыңнан 40 мыңға дейін Романов тұқымындағы  қойларды өсіру және өзге де ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп жобалары жүзеге аспақ.

 

Сонымен қатар кеңесте сөз алған "СПК "Орал" АҚ-ның атқарушы директоры Дияс Жəнібеков Инвесторларға қызмет көрсету орталығы тарапынан инвестиция тарту бағытындағы жасалып жатқан істер турасында баяндады.

 

Сондай-ақ аталған басқосуда "ПСП "Серік" ЖШС ұсынған қонақ үй кешені мен бизнес орталығын салу жобасы мақұлданды.

Кеңесті қорытындылаған өңір басшысы инвестициялық жобалардың біздің өңір үшін маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмысты жетілдіре түсу керектігін атап өтті.

 

Кеңестің шарықтау шегі деп "ПСП Серік" ЖШС-ның Орал қаласында Құрманғазы көшесі 173 мекенжайында салынатын бизнес орталық пен қонақүй жобасының таныстырылымын айтуға болады. Қонақүй халықаралық франшиза үлгісінде бой көтермек. Жобаның құны 8 млрд. теңге. Құрылыс жұмыстары кезінде 70-тен астам тұрғын жұмыспен қамтамасыз етілмек. Келесі жылы басталатын қонақүйдің құрылысы 2023 жылы аяқталмақ. Басқосуда аталмыш жоба бірауыздан мақұлданды.

 

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы аталмыш жобаның облыстағы туризмді  дамытуға қосатын үлесінің зор екенін айтты.