05 Қазан 2019
108

Оралда «Aqjaiyq marathon» көпшілік спорттық шарасы өтті

Марафонның салтанатты ашылуы П.Атоян атындағы стадионда өтті.

 

 

Айта кетейік, «Aqjaiyq marathon»-ға супермарафоншы, халықаралық спорт шебері және Гиннес рекордтар кітабына жеті рет енген Марат Жыланбаев, триатлоннан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ержан Жаппаров қатысты.

 

Марафоншыларды облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтады.

 

-Орал қаласының тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған толық марафонға қош келдіңіздер! Батысқазақстандықтармен бірге марафонға еліміздің 10 қаласынан, Ресейдің 5 қаласынан 1000-нан астам адам тіркелді. Бізді қолдауға келген спортшылар Марат Жыланбаев пен Ержан Жаппаровқа алғысымыз шексіз. Бәріңізге сәттілік тілеймін! - деді облыс әкімі.

 

Дайындық жаттығуынан соң спортшылар 42.2 шақырымға, 21.1 шақырымға, 10.5 шақырымға, 11:00-де kids run 440 метрге жүгіру басталды.

 

Ауқымды шарадан соң абсолюттік және жас ерешеліктері бойынша жеңімпаздар марапатталды.

 

Марафонның шарттарына тоқталсақ, жүгіру жолы айналмалы. Бағдар бойымен бір айналма ұзындығы - 10,5 шақырым. Әр қатысушының дайындық деңгейіне байланысты қашықтықты таңдап, аяқтауға құқығы бар.

 

Жүлде қоры – 3 600 000 теңге. Абсолюттегі жүлде қоры – 2 000 000 теңге. Жас ерекшеліктері бойынша жүлде қоры – 1 600 000 теңге.

 

Көпшілік марафонға І санат 16- 39 жасқа дейін, ІІ санат 40-59 жасқа дейін, ІІІ санат 60 және одан жоғары жастағы ерлер мен әйелдер қатысты.