11 Қазан 2019
167

Арнайы тактикалық әскери дайындық пысықталды

Бүгін Теректі ауданы жеріндегі «Сұңқар» әскери полигонында өңірдегі қорғаныс құрылымдарының арнайы-тактикалық оқу жаттығуы өтті. Шара барысында әскерилер атыс дайындығы, тактикалық әзірлік, сондай-ақ ұрыс алаңында қару қолдана білу шеберліктерінен сыналды.

 

 

Жаттығуға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевқа өңір әскерлерінің қару-жарақтары мен арнайы техникаларының дайындығы таныстырылды.

 

Бұдан соң жиналғандар далалық оқу-жаттығу жұмыстарын тамашалады. Аталған полигон маңындағы үлкен көпірді кенеттен ланкестік топ басып алып, жарып жібермекші болды. Олардың арам пиғылдарынан хабардар болған әскери құрылымдар әп сәтте оқиға орынына жетті. Мұздай қаруланып, ширақ қозғалған әскерлер тез арада ланкестік топты қоршауға алды. Көпірді жармақшы болған топ та оңайлықпен беріле қоймады. Сәл уақыт бұрын тып-тыныш жатқан көпір маңы көз алдымызда ұрыс алаңына айналды. Құрамы да аз, қаруы да әлсіз топты ауыздықтау біздің әскерлерге қиынға түспеді. Оң қапталдан оқ жаудырып, алға ұмтылған солдаттардан террористтер ығыса түсті. Шегіне жүріп оқ атқан олардың алдарынан да әскерилер күтіп алды. Кейбірі оққа ұшса, екіншілері өз еріктерімен берілді. Амалдары таусылған ланкестік топтың мүшелері көліктермен көпірге қарай беттеп еді, бұл әрекеттерінен де еш нәтиже шықпады. Әп-сәтте мықтық дауысы тиылып, сайын далада қайтадан мамражай тыныштық орнады.

 

-Ел шекарасынан тыс мемлекеттерде, жалпы әлемде әскери-саяси тұрақсыздық орын алып жүргені жасырын емес. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2015 жылғы №111 қаулысы бойынша еліміздің қарулы күштері жаңа келбетке ие болды. Яғни аумақтық қорғаныс әскері құрылды. Былтырғы жылы арнайы-тактикалық оқу-жаттығу Алматы қаласында және еліміздің 10 облысында өтті. Біздің өңірімізде бұл оқу-жаттығу бірінші рет ұйымдастырылды. Әскери жаттығуға Орал қаласы аймағындағы 85 әскери қызметкер шақырылды. Бұл әскери жаттығу нысандарды және белгіленген желілерді қорғауда, бірлескен іс-қимылдарға арналған бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіруге мүмкіндік берді. Мұнда Батыс Қазақстан облысының қорғаныс құралдары мен күштерінің, облыстық басқарма құрылымдарының өздеріне жүктелген міндеттерді орындаудағы дайындығын анықтау мақсатында білімдері мен практикалық дағдылары жетілдірілді. Болашақта бұл жаттығу бұдан да көп адамдардың қатысуымен өткізуді жалғастыру жоспарлануда. Тактикалық және арнайы жаттығуларды сәтті өткізгені үшін ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс айтамын,-деді шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.

 

Шара соңында облыстық төтенше жағдайлар, полиция, қорғаныс істері департаменттерінің ұжымдары мен жекелеген әскерилер марапатталды.