12 Қазан 2019
152

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ақжайық ауданындағы дәрігерлермен кездесті

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылына  ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов келді.

 

 

Алдымен министр ауылға кіре беріс жолда орналасқан жол медициналық құтқару пунктінің жұмысымен танысты. Пункт қызметкерлері өздеріне жүктелген қызметтер мен соңғы уақытта тіркелген жол көлік оқиғалары жөнінде баяндады. Биыл жол бойында 39 төтенше жағдай орын алса, соның 30-дан астамы – жол-көлік оқиғасы. Министр бүгінде ішкі істер министрлігіне қарасты бұл мекеменің алдағы уақытта денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына аудару жолдары қарастырылып жатқаны туралы айтып өтті. Осыдан соң пунктке қарасты арнайы техника және медициналық құрылғылардың дайындығы тексерілді.

 

 

Елжан Амантайұлы сонымен қатар аудан орталығындағы емхана мен аурухананың ұжымымен жүздесіп, медицина саласын цифрландыру, емделушілердің әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде статусын айқындауды автоматтандыру турасында бірқатар сұрақ қойды. Сонымен бірге кадр жетіспеушілігі, болашақ мамандар, яғни медициналық жоғары оқу орындарының студенттерімен бүгіннен бастап, байланыс орнату жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ жас мамандардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі де – басты назарда. Министр ауылға келген медиктердің ең алдымен баспанаға ие болуын өз бақылауында ұстайтынын айтты.

 

 

 

Айта кету керек, биылдың өзінде ауданға 6 жас маман келді. Олардың 3-еуі – Түркістан облысынан болса, қалғаны – облыс түлектері. Әйткенмен, әлі күнге сала бойынша акушер-гинеколог, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері жетіспейді. Е.Біртанов аудандық ауруханада жуық арада ашылатын инсульт орталығында болып, оның ауылдағы медициналық нысан үшін соңғы үлгідегі технологиялық құралдармен қамтылғанын жақсы көрсеткіш деп бағалады.