12 Қазан 2019
40

«Мұғалімдердің жалақысы төрт жылда екі есе көбейеді»

Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен ҚР Білім жəне ғылым вицеминистрі Шолпан Каринованың Оралдағы №47 мектепте педагогтармен кездесуінде айтылды.

 

 

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қазіргі уақытта мектеп ұжымы мен ата-ана арасындағы байланыс əлсірегенін, содан тəрбие сапасы нашарлап отырғанын айтты. Ол үшін ұлттық құндылықтарды насихаттауға көңіл бөлу маңызды. Сонымен қатар мектептер түлектері жөнінде кең мəлімет қамтып, өзара байланысты нығайту керек. Кəсіпкерлер əлеуметтік жауапкершілігін сезініп, білім ұяларына қамқорлық жасауы қажет. Бердібек Сапарбаев кəсіби-техникалық білім беру ұйымдарын бітіргендер мамандарды жұмысқа орналастыру көрсеткіші көңіл көншітпейтінін айтты. Колледждер нарық талабына сəйкес мамандар даярлауы керек. Дуальды оқытумен ұштастыру үшін материалдық-техникалық база қалыптастыруда қаражат орнықты жұмсалмай отыр.

 

 

Жиында Шолпан Каринова білім саласында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде баяндады. Ол еліміздегі балабақшалар бейнекамерамен  қамтылмай отырғанын айтты.

 

 

Сондықтан мектепке дейінге ұйымдар жұмысын рейтинг көрсеткішімен бағалау енгізілмек. Еліміздегі мектептерде сабақ беретін 123 мыңнан астам мұғалім жаңа жүйе санаттары бойынша аттестаудан өткен. Қазіргі уақытта педагог мамандарды қаржылық ынталандыру қолға алынуда. Мемлекет басшысы тапсырмасына сəйкес, мұғалімдер жалақысы төрт жылда екі есе көбейеді. Мектептерде жас мамандарға тəлімгер болып бекітілгендерге, сынып жетекшілігіне, дəптер тексеруге байланысты қосымша ақы төленеді. Мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерінің еңбек демалысы уақыты, еңбекақысы мөлшері мектеп мұғалімдердікімен бірдей болмақ.

 

 

Үкімет мүшелерімен кездесуде педагог мамандар үш ауысымды жəне апатты мектептерді жою, мүгедек балаларға білім беретін ұйымдарға қажет мамандарды тартып, мектептердегі əдістемелік кабинет қызметкелерінің жалақысын көбейту мəселелері көтерілді.