12 Қазан 2019
49

Үкімет дарынды балаларды қолдайтын «Ел үміті» жобасын жасауда

Бұл туралы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жəңгір хан атындағы БҚАТУ-да зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері жəне кəсіпорын басшыларымен кездесуінде айтты.

 

 

-ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өңіріміздегі жұмыс сапарының мақсаты – мемлекет бағдарламаларының тиімділігін түсіндіру, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдау. Сондықтан белсенді қатысып,  өзекті мəселе көтере аласыздар, - деді облыс əкімі Ғали Есқалиев. - Елбасының ең алдымен экономика, сосын саясат дегені мəлім. Қазақстан экономикасының дамуы бəсеңдеген жоқ. Дүние жүзіндегі көптеген мемлекетпен сауда жасаймыз. Биыл экономиканың даму деңгейі 4,1 пайыз болды.

 

 

Атаулы əлеуметтік көмек үшін 147 млрд. теңге қаржы жұмсалды. 400 мың отбасы қамтылды. Мемлекеттен микронесиелер берілуде. Дегенмен қазіргі кезде масылдық үстемдік құруда. Қолдан ажырасу, жұмыстан шығу көбейіп кетті. Келесі жылы АƏК-ні төлеудің жаңа механизмдері енгізіледі. Халықпен байланысты нығайту, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп мемлекет саясатын түсіндіру қолға алынуда. Білім сапасын арттыру керек. Мұғалімдердің материалдық жағдайына назар аударылуда. ҚР Тұңғыш Президент қоры мен Үкімет бірлесіп «Ел үміті» деген жоба жасап жатыр. Жоба арқылы мыңдаған дарынды балаға жағдай жасаймыз.

 

 

Медициналық қызметкерлер өз міндетіне мұқият болуы керек. Азаматтар да құқықтық жауапкершілігін сезіне білуі тиіс. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы келесі жылы аяқталады. Соған байланысты Үкімет кешенді шаралар қабылдайды. Медицина мамандары жетіспеуде. Енді жоғары оқу орнын бітірген мамандарға ауылда үш жыл қызмет етуді міндеттейміз. Қазір халықтың өмір сүру ұзақтығы – 83 жыл 4 ай. Осы көрсеткішті 85 жасқа дейін көтеру міндеті қолға алынып отыр. Елбасы тұрғындардың 30 пайызы спортпен айналысу керек екенін айтты. Мəдениет жəне спорт саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге көңіл бөлінеді, - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев.

 

 

Жиында сөз алған облыстық аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина отбасындағы əке тəрбиесін арттыруға қоғам болып көңіл бөлу керектігін айтса, Қадыр Мырза Əли атындағы мəдениет жəне өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла Ақ Жайық өңірінен шыққан, ақын Жұбан Молдағалиев мерейтойын халықаралық жəне республикалық деңгейде өткізіп, Алматыда еңселі ескерткіш орнатуды ұсынды.

 

 

Айта кетейік, облыстық балалар көп салалы ауруханасында Бердібек Сапарбаев пен ҚР Денсаулық министрі Елжан Біртанов медициналық қызметкерлермен кездесті. Денсаулық министрі міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамыту жайында баяндап, бұл бағытта өңірімізде жеке медициналық ұйымдардың жұмысын ширату керек екенін айтты. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары медицина саласында қолға алынатын реформаларды тілге тиек етті.